ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тау-кен саласын автоматтандыруға арналған үш жобаны іске қосты.
Өз кезегінде мемлекет басшысы аталған жобаларға үлкен жауапкершілік артылғанын алға тартты деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Астанада өтіп жатқан жалпыұлттық телекөпір барысында «АК АЛТЫНАЛМАС» АҚ «цифрлық кенішті» іске қосты, Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі «ақылды карьерді» ашты.
Мемлекет басшысы аталған жобаның тау-кен саласын цифрландырудың бастапқы қадамы екенін атап өтіп, цифрландыру бағдарламасын толығымен іске асырсақ, ел экономикасын 30 пайызға өсіру мүмкіндігі барын тілге тиек етті. Осы орайда мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» жобасын дайындап қойғанын айтты.
Сонымен қатар мемлекет басшысы цифрлық технологиялар тұрғысынан артта қалуға болмайтынын алға тартып, Үкімет, министрлерге нақты тапсырма міндеттейтінін және аталған мәселені өзі бақылайтынын, бұл Үкіметтің басты міндеті екенін айтты.
Еске салсақ, бүгін елордада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпірі басталды. Телекөпір барысында онлайн режимде бүкіл республика бойынша жаңа жобалар іске қосылады.
Сабина Сайлаубай