Франция мен Германия коронавирусқа байланысты карантин шараларын күшейтіп жатыр. Екі елдің президенті мен үкіметі шектеу шараларын қатайту туралы шешім қабылдады.
30 қазаннан бастап Франция тұтас оқшаулау режиміне көшеді. Қоғамдық шаралар кейінге шегеріліп, адам көп жиналатын жерлер – мейрамхана, барлар жабылады. Франция президенті Эммануэль Макрон халыққа үндеуінде осылай деп мәлімдеді.
Өзге елдерден келгендер коронавирус тестінен өтуге міндетті. Тұрғындардың басқа жаққа кетуіне тыйым салынған. Үйден тек жұмысқа, дәрігерге бару, азық-түлік сатып алу немесе қысқа серуенге шығу үшін ғана рұқсат етіледі.
Шектеу шаралары 2 желтоқсанға дейін созылады деп айтылады, бірақ екі апта сайын үкімет эпидемиологиялық ахуалды бағалап, сәйкесінше шараларды жұмсарту немесе қатайту туралы шешім қабылдайды.
Dw.com сайтының хабарлауынша, Германияда шектеу шаралары 2 қарашадан бастап енгізіледі. Елде қызмет көрсету саласындағы компаниялардың басым бөлігі және ойын-сауық саласына бағытталған кәсіпорындар бір айға жабылады. Мейрамхана, дәмханалар клиент қабылдамайды, тек тамақ сата алады.
Спорт шараларына көрермендер қатыса алмайды, қонақ үйлер турист қабылдамайды.
Осы апта басында Испанияда індетке байланысты төтенше жағдай жарияланған. Канар аралынан бөлек, барлық аймақта түнде коменданттық сағат енгізілді. Үкімет бұл режимді келесі жылдың мамыр айына дейін күшінде қалдырамыз деп отыр.
Италияда 2 қарашадан бастап кинотеатрлар, бассейндер мен спортзалдар жабылады. Мейрамхана, бар, кішігірім дүкен-дүңгіршектер кешкі сағат 6-да жұмысын тоқтатады. Жоғары сынып оқушылары қашықтан оқи бастайды.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар 44,4 млн адамға жетті. Күн сайын орташа есеппен 450 мың адамнан Covid табылады. Індет басталғалы бері 1 млн 174 мың адам қайтыс болған. 30 миллионнан астам адам жазылған.