Нұр-Сұлтанда LRT құрылысынан “ақша жымқырғандардың” соты басталды

0
121

Нұр-Сұлтанда LRT құрылысынан ақша жымқыру ісі бойынша сот отырысы басталды. Бұл туралы sputnik.kz сайты хабарлады.

Судья Қажымұқан Мекемтас жүргізген сот алдында жеті адам жауап беріп жатыр. Олар:

  • жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы бастығы Рәшид Аманжолов;
  • Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының бұрынғы хатшысы және депутаты Жанат Нұрпейісов;
  • “Astana Innovations” АҚ экс-басқарма төрағасы Талғат Әшім;
  • Әртүрлі кәсіпорындардың қызметкерлері Улугбек Ачилов, Тимур Қасабаев, Дулат Мусенов және Дәурен Әбдіхамитов.

Бұлардан бөлек елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековке және “Астана LRT” ЖШС бұрынғы басшысы Талғат Арданға халықаралық деңгейде іздеу жүріп жатыр. Екеуі бірігіп қылмыстық топ құрып, LRT құрылысына кететін шығынды 24 миллиард теңгеге артық көрсетіп, бюджет ақшасын жымқырған.

Сот барысында Жангелді Есебаев айыптау актісі бойынша 2012 жылы Қанат Сұлтанбеков қылмыстық топ құрып, Талғат Ардан мен Рәшид Аманжоловпен сыбайлас болған. Оңай олжамен бөліспек болған Талғат Ардан жақын досы Дәурен Әбдіхамитовты топқа қосқан. Осының барлығын ұйымдастырушы ретінде Қанат Сұлтанбеков әркімге міндет жүктеп берген.

“Аманжолов мемлекеттік органның басшысы ретінде кедергілерді анықтап, қылмысты жасауға жағдай жасаған. Сол үшін тиісті құжаттарды әзірлеп, қол қойып отырған. Сол құжаттардың негізінде бюджеттен ақша бөлінген”, – деді прокурор Есебаев.

2014 жылдың соңында Қанат Сұлтанбеков өз еркімен қала әкімінің орынбасары жұмысынан кетті. Алайда қылмыстық топтың әрекеті тоқтамай Талғат Арданның басқаруымен 2015-2016 жылдары жалғасын тапты. Ал 2017 жылы шілде айында Арданның өкілеттілігі тоқтатылды. Сол кезде ғана қылмыстық топ тарап кетті.

“Сұлтанбеков әкім орынбасары қызметінен кеткеннен кейін “Қазақстан инжиниринг” АҚ-ға барды. Сол жерде 2015-2016 жылдары тауарлар мен қызметтерді жеткізуші компаниялардан тұрақты түрде пара алып отырған. Заңсыз ақша әкелгендердің ішінде өзі құрған қылмыстық топтың өкілдері де болды. 2017 жылы ақпан айында Сұлтанбеков қамауға алынды”, – деді Жангелді Есебаев.

Қазіргі уақытта қылмыстық топ мүшелері 5,8 миллиард теңгені жымқырғаны үшін айыпталып отыр.

Қазан айында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен LRT-ның міндетте түрде аяқталатынын айтты. Қазіргі кезде жергілікті билік инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз