2020 жылы әлемде Covid-19 пандемиясынан карантин, экономикалық құлдырау, әлемдік немесе халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың кейінге шегерілуі тіпті мүлдем болмай қалуы арқылы есте қалды. Коронавирустан бөлек, көтеріліс және мемлекеттер арасындағы қақтығыстар кесірінен көптеген адам қайтыс болды.
Kazaknews.kz сайты 2020 жылдың өзекті 10 жаңалығын ұсынады:
- 3 қаңтар күні ирандық (Ислам революциясының Сақшылар корпусы генералы – ИСКР) Касем Сулеймани АҚШ-тың Бағдад әуежайын зымыранмен атқылау барысында қайтыс болды. Жарылыс кезінде кемінде сегіз адам қаза тауып, оннан астам адам жарақат алды. Пентагон генералды өлтіруге бұйрықты АҚШ президенті Дональд Трамптың жеке өзі бергенін хабарлады.
Осы оқиғадан кейін Иран парламенті Пентагонды және Касем Сулейманидің өліміне қатысы бар барлық америкалықтарды “террористік ұйым” деп жариялады. Генералдың жерлеу рәсіміне 800 мыңға жуық адам қатысып, нәтижесінде 56 адам аяқ астында қалып қайтыс болды.
Ирак аумағындағы АҚШ әскери нысандарын зымыранмен жарып, жағдайды Иран елі өз мойнына алып, әскери генерал Касем Сулейманиді өлтіргені үшін кек алғандарын хабарлады. Осы екі ел арасындағы қақтығыс кезінде 8 қаңтар күні Тегераннан Киевке ұшып бара жатқан Украинаның халықаралық әуе желісі Boeing 737 жолаушылар ұшағы атып түсірілді. Борттағы 176 адамның барлығы қаза тапты. Иран елі оқиғаны мойнына алып, Украина елінен кешірім сұрап, абайсызда атып түсіргенін айтты.
2. Covid-19 індеті тарай бастады. 2020 жылдың 30 қаңтарында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл ауруды Халықаралық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп жариялады.
Алғаш 2019 жылы Қытайдың Ухань қаласында табылған вирусқа әлі күнге дейін 100 пайыздық вакцина табылмады. 29 желтоқсандағы ақпарат бойынша әлем бойынша 82 миллионға жуық адам вирус жұқтырған.
3. Ливанның астанасы Бейрут қаласында үлкен жарылыс болды. Жарылысқа 2013 жылы “Rhosus” кемесінен тәркіленген және порт аймағында сақталған 2750 тонна аммиак селитрасы себеп болды. Жарылыс салдарынан 200-дей адам қайтыс болып, 6 мыңнан астам адам жарақат алды. Қаладағы ғимараттар қирап, 300 мыңдай адам баспанасыз қалды.
4. Ресейлік оппозиция жетекшісі, заңгер, саяси және қоғам қайраткері, Сыбайлас Жемқорлыққа қарсы қордың басшысы Алексей Навальныйға Томскіден Мәскеуге ұшу кезінде қастандық жасалды. Ұшақ Омбы әуежайына шұғыл қонды. Навальный ес-түссіз күйде Омбы қаласының клиникасына, кейіннен Германия канцлерінің тапсырысымен дереу Берлиндегі Шарите клиникасына емделуге жіберілді. 2020 жылдың 22 қыркүйегінде Навальный Шарите емханасынан шықты.
22 желтоқсан күні Навальный өзін улауға қатысы бар делінген Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) агенті Константин Кудрявцевпен 49 минуттық телефон әңгімесінің жазбасын Youtube арнасында жариялады. Навальный, өзін Қауіпсіздік комитеті хатшысы Николай Патрушевтің көмекшісі Максим Устинов деп таныстырғанына сеніп қалған Кудрявцев, улағанын абайсызда айтып қойды.
5. 9 тамыз күні Беларуссиядағы президент сайлауында “Александр Лукашенко жеңді” деген хабар шыға салысымен халық наразылық танытып митингке шықты.
22 қарашадағы ақпарат бойынша 30 мыңнан астам адам митинг кезінде ұсталған. Үкімет оппозициясына 900-ден астам қылмыстық іс қозғалған. Өз халқынан қорыққан Лукашенко үстіне оқ өтпейтін көкірекше киіп, қолына “Калашников” автоматын ұстап жүрді.
6. Қырғызстанда парламент сайлауы әділ өтпегенін алға тартқан наразылар митингке шығып бір түнде президент сарайын басып алды. Шерушілердің бір бөлігі ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратына барып, экс-президент Алмазбек Атамбаевты бостандыққа шығарып алды. Көтерілістің аяғы Сооронбай Жээнбековтің отставкаға кетіп, Садыр Жапаровтың президент міндетін атқарушы болып тағайындалуымен бітті.
7. 30 қазан күні Түркияның батыс жағалауында 6,6 балдық жер сілкінісі болды. Апаттың эпицентрі Измирдегі Сеферихисар қаласы. 20-дан астам ғимарат құлады. Сеферихисар қаласында жер сілкінісінің әсерінен цунами болып, қала көшелерін су басты. Түркияда жер сілкінісі салдарынан 116 адам қаза тауып, 1034 адам жарақат алды.
8. 29 қазан күні Ниццада және 2 қараша күні Венада теракт болды. Францияның Ницца қаласында Нотр-Дам католик базиликасында белгісіз біреу пышақпен шабуыл жасап, 3 адамды өлтірді. Теракт ұйымдастырған адамды полиция қызметкері алдымен жарақаттап, кейін қолға түсірді. Ницца мэрі бұл оқиға террористік акт деп жариялады.
2 қараша күні Венаның орталығында “террорист” кафеде отырған және өтіп бара жатқан адамдарға оқ жаудырған. “Террорист” полиция тарапынан өлтірілген. Шабуыл нәтижесінде 23 адам, оның ішінде жеті әйел зардап шекті. 13 адам ауруханаға жеткізілді. Шабуыл нәтижесінде бес адам қайтыс болды, жиырма екі адам (оның ішінде біреуі полиция қызметкері) жарақат алды.
9. Әзербайжан мемлекеті Армениямен соғыста жеңіске жетіп, Таулы Қарабақты қайтарып алды. Соғысты тоқтатқан келісім қарашаның 9-ынан 10-ына қараған түні күшіне енген. Әзербайжан бұл келісімді ірі жеңіс деп бағалады. Арменияда келісімнен кейін жаппай наразылық тұтанып, оппозиция жақтастары Пашинянның отставкаға кетуін талап етті. Таулы Қарабақтағы қақтығыс кезінде Әзербайжанның 2 783 сарбазы қаза тапқан. Ал, Армения ДСМ-і қақтығыс кезінде 2 425 армян сарбазы қаза болды деп мәлімдеді.
10. АҚШ-тағы президент сайлауында Дональд Трамптың басты қарсыласы болған Джозеф Байден жеңіске жетті. Оған шамамен 74 миллион адам дауыс берген, бұл – АҚШ тарихындағы ең үлкен көрсеткіш. 2021 жылдың 20 қаңтар күні Джо Байден Американың ресми түрде 46 президенті болады.