Ақтөбе облысындағы шахтада 4 адам қаза тапты

0
272

Ақтөбе облысында шахтаны жару кезінде төрт адам қаза тауып, бір адам жарақаттанды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтөбе облыстық әкімдігі қаза болған кеншілердің аты-жөнін жариялады:

  •  тау-кен шебері Асхат Мадридұлы Қайқанов;
  •  жарушы Денис Викторович Черный, 1985 жылы туған;
  •  Рустам Бекарысұлы Шәметов, 1981 жылы туған;
  • жүргізуші Жақыпов Б., 1983 жылы туған.

Жергілікті биліктің ақпаратынша, 30 желтоқсан күні 21.00 уақытында Хромтау ауданы өрт сөндіру бөліміне “жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде” шахтада кісі қайтыс болды деген хабар түсті. Әкімдік баспасөз хабарламасына қарағанда, төтенше жағдай болған “Көктемгі-Аралшы” шахтасы “Ақтөбе мыс компаниясына” тиесілі. Шахта Көктау ауылынан 30 шақырым қашықта орналасқан.

Полиция қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәліметке сәйкес, жарылыс жұмыстары кезінде кеншілер иіс тиіп қайтыс болған.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 156-бабы, 4-бөлігі “абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген еңбектi қорғау қағидаларын бұзу әрекеті” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оған сәйкес, кінәлі адамдар белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Мыс және мырыш кенін өндірісіне маманданған, өндіріс объектілері Хромтау ауданында орналасқан “Ақтөбе мыс компаниясы” ресейлік “Орыс мыс компаниясына” тиесілі. Соңғысы – мыс өндіру бойынша Ресейдегі ең ірі үшінші компания. Оның негізін қалаған және бас иесі – ресейлік миллиардер Игорь Алтушкин. Forbes журналының мәліметінше, оның байлығы – 4,1 миллиард доллар.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз