Қазақстанда 2020 жыл несімен есте қалды?

0
345

Бірер күннен соң 2020 жыл аяқталады. Осы жыл несімен есте қалды? Қазақстан жылды қалай өткізді? Қазақньюс ақпарат агенттігі жылды қорытындылап оқырман назарына 2020-да болған өзекті жаңалықтарды ұсынады. 

ПАНДЕМИЯ: COVID-19

Әлемді жаулаған коронавирус Қазақстанды да айналып өтпеді. Қасым-Жомарт Тоқаев 26 қаңтарда таңертең Twitter-де Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу үшін үкіметке “нақты ұйымдастыру шараларын қабылдау тапсырылды” деп жазды.

28 қаңтарда Қазақстан Қытайда тараған коронавирусқа байланысты осы елдің азаматтарына виза беруді шектеді. 

29 қаңтардан бастап Қазақстан мен Қытай арасында автобуспен жолаушыларды тасымалдау уақытша тоқтатылды. 2020 жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстан мен Қытай арасында жүретін жолаушылар пойызы уақытша тоқтады. 3 ақпаннан бастап Қазақстан мен Қытай арасындағы жүйелі әуе қатынасы уақытша тоқтатылды.

Қазақстанда ең алғаш коронавирус 13 наурызда Германиядан келген ер және әйел адамнан тіркелді.

Президент Тоқаев 16 наурыз сағат 8.00-ден бастап, 2020 жылдың 15 сәуір сағат 7.00-не дейін төтенше жағдай жариялады.

Аймақтар карантинге жабылды. Қала арасында блок бекеттер қойылды, әуе қатынасы тоқтап, халық жаппай азық-түлік сатып ала бастады. ТЖ режимі 30 сәуір кейін 11 мамырға дейін созылды.

Ауруханаларда орын болмай, жасанды тыныс алу аппараттары жетіспей халық қатты қиналды. Мектеп оқушылары мерзімінен бұрын демалысқа жіберіліп, колледж бен жоғары оқу орындарының студенттері онлайн оқуға көшті.  

6 шілде күні Қазақстан астанасында шашылған от-шашу қоғамның наразылығын тудырды. Бұл Қазақстанда коронавирус індеті өршіп, шырқау шегіне жеткен шағы болатын. Бар дәрі-дәрмек пен емдеу құралдары елдің қолына жетпей қалды. Ауруханалар лық толды. От-шашуға наразы болған қолданушылар 6 шілдені коронавирус құрбандары құрметіне “аза күні” деп атады. Кейіннен биліктің өзі де 13 шілдені “аза күні” ретінде жариялауға мәжбүр болды. Бір жыл ішінде елде вируспен 200 мыңға жуық адам ауырды. 3 мыңға жуық адам қаза тапты. 

42 500 ТЕҢГЕ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурызда телеарна арқылы халыққа үндеу жолдап, коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдайға орай зейнетақы мен жәрдемақыны 10 пайызға индексациялауды тапсырғанын мәлімдеген. Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде кірісінен айырылған адамдарға ең төменгі жалақы көлемінде – 42500 теңге  төленетінін айтқан.

20 сәуірге дейін 3 миллион 960 мың адамға 42 500 теңге тағайындалып, оған 157 миллиард теңге бөлінген.

Билік 11 мамырда елде коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдайды аяқтады. Бірақ елде карантин шаралары сақталып, осыған дейінгі шектеулердің біраз бөлігі сол күйі қалды. Қаладағы блокпостар да алынған жоқ. Сол күні министр еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42500 теңге жәрдемақыға өтініш қабылданбайтынын хабарлады.

Ресми деректерге сәйкес, жәрдемақыға 8 миллион 32 мың адам өтініш өткізсе, төлемақы соның 4,5 миллионына тағайындалған. Биліктің айтуынша, жәрдемақыны беруге республикалық бюджеттен 193 млрд теңге бөлінген.

2 тамыздан – 16 тамызға дейін тағы карантин болды. Билік осы аралықта жұмыссыз қалғандарға 42500 теңгенің жартысын – 21250 теңге төледі.

БІЛІМ САЛАСЫ

Қазақстандық оқушылар елдегі интернеттің нашар болуына байланысты онлайн оқи алмады. БҒМ сабақтың телеарна, радио, почта арқылы жүргізетінін мәлімдеді.  

Емтихан тапсырып отырған оқушылар.

Қазақстандық оқушылар 6 сәуірден бастап телеарналар арқылы, “Күнделік”, “Білімленд”, “Дарын онлайн” платформалары арқылы оқи бастады. Кейбір елдімекендерге оқу құралдарын “Қазпошта” жеткізген. Бейнесабақтар “Балапан”, “Ел арна”, “Алматы” телеарналары арқылы көрсетілді. “Қазақ радиосынан” да сабақтар жүрген.

ВАКЦИНА

Қазақстан желтоқсан айының соңында ресейлік Спутник V вакцинасын өндіруді бастады. Қазақстан QazCovid-in деп аталатын вакцинасын үш мың еріктіге салуды бастады.

Жамбыл облысында салынып жатқан вакцина өндіретін зауыт та 2021 жылғы наурызда іске қосылады. Зауыт жылына 60 миллион доза өндіреді деп жоспарланып отыр.

Пандемия Қазақстандағы әлеуметтік жағдайды, денсаулық және білім салаларының қандай дәрежеде екенін көрсетіп берді. Билік олқылықтың орнын толтыруға миллиардтап қаржы бөлгенімен кей шенеуніктер жемқорлықпен ұсталып жатты. 

ҚАЗАҚСТАНҒА АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ МАЙК ПОМПЕО КЕЛДІ

1 ақпан түнде АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қазақстанға ұшып келді. Жексенбі күні Помпео Нұр-Сұлтанда сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. 

Қазақстан сыртқы стер министрі Мұхтар Тілеуберді мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.

Майк Помпео мемлекеттерді Шыңжаң аймағында қуғын көріп, Қытайдан қашқан этникалық азшылық өкілдеріне пана беруге шақырды.

ҚОРДАЙДАҒЫ ЭТНОСАРАЛЫҚ ЖАНЖАЛ

7 ақпан кешкісін Жамбыл облысы Қордай ауданында этникалық қазақтар мен этникалық дүнгендер арасында жанжал шығып, 10 адам қаза тапты. Қырықтан астам адам жаралаған. Жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында 15 ғимарат мен 30-дан астам үй бүлініп, 23 көлік өртенген. Бұл ауылдарда көбіне этникалық дүнгендер тұрады.

Қордай жанжалдан кейін.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, бірнеше адам жолға таласып, көрші ауылдарда тұратын қазақтар мен дүнгендер жаға жыртысып қалған. Бұл төбелестен соң қазақтар жиналып, дүнгендер тұратын ауылдарға барған.

Этникалық жанжалдан кейін үкіметтік комиссия құрылып, оны Бердібек Сапарбаев басқарды.

8 ақпанда Қордайдағы жағдайға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасады. 

10 ақпанда Асқар Мырзахметов Жамбыл облысы әкімі қызметінен босатылып орнына Бердібек Сапарбаев тағайындалды.

Оқиғадан соң Қордай ауданында төтенше жағдай жарияланып 47 астам адам ұсталғаны хабарланды. 3 желтоқсанда осы жанжалға байланысты сот отырысы өтті.

ДУЛАТ АҒАДІЛ МЕН ҰЛЫНЫҢ ҚАЗАСЫ

25 ақпанда қоғам белсендісі Дулат Ағаділ Нұр-Сұлтан қаласының тергеу изоляторында қайтыс болды. Ағаділдің қазасы қоғамда наразылық тудырып, қатты талқыланды.

Полиция оның жаназасына келмек болғандарға кедергі келтіріп, қазадан кейін митинг ұйымдастырғандарды ұстады.

Дулат Ағаділ мен ұлы Жанболат Ағаділ.

Дулат Ағаділ – әлеуметтік проблемалар және азаматтық құқықты сақтау мәселесін көтеріп жүрген белсенді болатын. Кем дегенде 60 тәулік қамауда отырған.

Белсенді өлімінен кейін Қазақстан қалаларында наразылық шаралары өтіп, оған қатысқандар белсендінің өліміне билікті айыптаған. ІІМ “Ағаділ жүрек талмасынан қайтыс болды” деп мәлімдеген. Марқұмның туыстары биліктің нұсқасына күдік келтіріп, ашық тергеуді талап еткен.

10 қарашада түнгі сағат 23.00 шамасында Нұр-Сұлтан маңындағы Көктал шағын ауданында азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің кәмелетке толмаған ұлы Жанболат Ағаділ төбелес кезінде пышақ жарақатын алып, мерт болды. 17 жастағы Ж.Ағаділ жедел жәрдем көлігі келгеннен кейін жарақаттан көз жұмған.

САРДОБА СУ ҚОЙМАСЫНЫҢ ЖАРЫЛУЫ 

1 мамыр күні Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы ауылдарды су шайып кетті. Кейін, 1 мамыр түнде Сардобаның суы Қазақстанның оңтүстігіндегі, қазақ-өзбек шекарасында орналасқан Абай каналына жетті. Канал су арнасынан асып, Мақтарал ауданындағы Жаңатұрмыс және Жеңіс ауылына су алды.Екі ауылдың тұрғындары эвакуацияланды. Осыдан соң Мақтарал ауданында төтенше жағдай жарияланды. 2 мамыр күні екі ауыл толық су астында қалып, ондағы үйлер құлаған. 3 мамырда Өргебас пен Фирдоуси ауылын су басып қалған. Екі ауылда су басқан үйлердің саны алты жүзден асқан.

Аймақта 31 мыңнан астам адам эвакуацияланған.

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, Мақтарал ауданында 14 ауылдың 31 мыңнан астам тұрғыны эвакуацияланған. 845 үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина ғимараты мен мәдениет үйі және 54,7 км көпір мен жолды су алған. Бұдан бөлек, 7639 гектар егістік су астында қалған.

Билік зардап шеккендерге 100 мың теңгеден өтемақы төленетінін хабарлады.

Сыйымдылығы 922 млн текше метр болатын Сардоба су қоймасы 2017 жылы салынған. Су қоймасының биіктігі – 28,8 метр.

27 шілдеде бас прокуратура Өзбекстандағы Сардоба су қоймасындағы жарылысқа байланысты қозғалған іс бойынша 9 адам қамауға алынғанын хабарлады.

СЕНАТ САЙЛАУЫ

Қазақстанда 12 тамызда жергілікті мәслихаттар әрбір облыс пен республикалық маңызы бар қалалар және астана атынан сайлауға қатысатын сенаттың 17 депутатын сайлады. Қазақстан парламентінің жоғары палатасы – сенаттағы босаған 17 орынға сайлауға түсуге 58 адам тілек білдіріп, 46 кандидат тіркелген.

Photo: election.gov.kz

Конституция бойынша сенат депутаттарын жергілікті мәслихаттар сайлайды. Депутаттық өкілет мерзімі – алты жыл. Әрбір үш жыл сайын жартысы сайланып отырады. 47 депутаттың 32-ін – сайлаушылар, 15 депутатты президент өзі тағайындайды.

Биыл кандидаттарды насихаттауға бюджеттен 26 млн 100 мың теңге (шамамен 63 мың доллар) бөлінген.

БОРАТ-2 ФИЛЬМІНЕ ҚОҒАМ НАРАЗЫЛЫҒЫ 

Атышулы “Борат” комедиясының жалғасы ел ішіндегі және шетелдегі қазақстандықтар арасында әртүрлі реакция туғызған еді. Біреулер “фильмді көрсетуге тыйым салу керек” десе, екінші бір топ сыншыларды шектен тыс сезімталдығы үшін айыптады.

Борат рөлін сомдаған актер Саша Барон Коэн.

2006 жылы алғашқы бөлімі шыққан кезде Қазақстан кинотеатрларында фильмнің көрсетіліміне тыйым салынған болатын.

РЕСЕЙ ДУМА ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАН ЖЕРІ ТУРАЛЫ АЙТҚАНЫ

“Первый канал” телеарнасындағы “Большая игра” бағдарламасында сөйлеген Ресей парламентінің білім және ғылым комитетінің жетекшісі Никонов “Қазақстан аумағы – Ресейдің берген үлкен сыйы” деп мәлімдеген. Артынша Дума депутаты Евгений Федоров “Қазақстанмен біртұтас мемлекетті қалпына келтіру” туралы айтқан.

Ресей думасының депутаттары Вячеслав Никонов пен Евгений Фёдоров.

Ресейлік депутат Вячеслав Никоновтың сөзі қазақстандықтарды да бей-жай қалдырмады. Жүздеген адам депутаттың Instagram-дағы парақшасында пікір қалдырды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ресей мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никоновтың сөзіне байланысты нота жолдады. 

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәжілісте ресейлік дума депутаттарының мәлімдемесі Ресейдің ресми ұстанымы еместігін, “бос сандырақ” екенін айтты.

2020 жылды TIME журналы “ең нашар жыл” деп жариялады. Осы жыл Қазақстан үшін де оңайға соқпады. Қоғамда көп талқыланған, өзекті деген ақпараттарды тізіп шықтық. Жаңалықтардың толық нұсқасын агенттік сайтынан оқи аласыздар.

Қазақньюс ақпарат агенттігі сіздерді келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтайды!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз