24 сәуір күні Қазақстанда “Білім-инновация” лицейлеріне оффлайн форматта қабылдау емтиханы басталды.
Оқи отырыңыз: Қазақ бала Кэмбридж университетіне шақырту алды
Елде жыл сайын 6-сынып бітірген оқушылар әр бағытта тереңдетіп оқытатын лицей, зияткелік мектептерге емтихан тапсырады. Солардың бірі “Білім-инновация” лицейлері (БИЛ). Білімпаздар БИЛ-ға емтиханды төрт пән бойынша тапсырады. Сұрақтар математика, логика, қазақ тілі, Қазақстан тарихы пәндері бойынша тест түрінде жазбаша алынады.
Биыл Нұр-Сұлтандағы “Дарынды ер балаларға арналған “Білім-инновация” лицей-интернатына 1310 оқушы 7-сыныпқа қабылдау емтиханына кіреді.
24-25 сәуір күндері оқушылар төрт лек бойынша сынақтан өтеді. Бірінші лек емтиханы сағат 10.00-де басталды. Екінші лек сағ 14.00-де басталады. Емтихан жазу уақыты 100 минут.
Мектеп әкімшілігі емтихан жазатын кабинеттердің санитарлық нормаға сай екенін айтады. Қалалық полиция департаментінен инспектор шақыртылған. Әр 50-100 м сайын кіреберісте, жалпы мектеп ғимаратында қол жууға арналған залалсыздандыру құралдары орнатылған. 2 метр қашықтықты сақтайтын оқшаулау ленталары мен белгілер қойылған. Әрбір оқушының отыратын орны қызыл белгімен белгіленіп, қашықтықты сақтау ережесіне сай қамтылған. Емтихан 45 кабинетте өтеді.
Емтиханға тіркеу 1 наурыз бен 23 сәуірге дейін онлайн түрде жүзеге асты.
Сынақтың екінші туры 8 мамырда өтеді деп айтылады. Бұл мерзім пандемияға байланысты өзгеруі мүмкін.
“Білім-инновация” лицейлері (бұрынғы КТЛ) Қазақстанда 1993 жылдан бастап ашыла бастады. Лицей емтиханына елдегі 6-сыныпты бітірген кез – келген оқушы тапсыра алады. Білім мен тәрбиені қатар қоятын мектептерден осы уақытқа дейін көптеген халықаралық олимпиада жүлдегерлері түлеп ұшты. Олар Қазақстанның дамуы үшін түрлі салада қызмет етіп жатыр.