Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының Қазақстанда ғана емес шетелдерде де үлкен сұранысқа ие болатынын өзінің Твиттердегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Kazaknews.kz ақпараттық агенттігі.
Твиттер әлеуметтік желісіндегі парақшасында Тоқаев «Елбасымыздың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабы өте мазмұнды, шынайы деректерді көрсететін бірегей шығарма, ол елімізде де, шетелде де үлкен сұранысқа ие болатыны сөзсіз», деп жазды.
Еске сала кетейік, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының салтанатты тұсаукесері болып өткен болатын.
Туындыда Қазақстанның негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады.
Еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған кітап 4 бөлімнен тұрады. Олар: «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы (1991-1995 жылдар)», «Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы (1996-1999 жылдар)», «Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы (2000-2010 жылдар)», «Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы (2010 жылдар)» деп аталады.
Жадыра Аманбайқызы