3 маусым таңертең Бішкектегі “Ақ үй” алдында жиналған Қырғызстан азаматтары 1 маусым күні жоғалып кеткен “Сапат” халықаралық білім беру мекемелерінің басшысы Орхан Инандыны табуды талап етіп жатыр. Бұл туралы Азаттық сайтының қырғыз қызметі хабарлады.
Дәл осындай наразылық акциялары 1-2 маусым күндері Қырғызстандағы Түркия елшілігінің алдында өткен. Митингке шыққандардың кейбірі Орхан Инандының аяқ астынан жоғалып кетуінің артында Түркияның арнайы қызметі тұруы мүмкін деп ойлайды.
“Ертең оның орнында мен немесе кез келген “Сапат” мектептерінің түлегі болуы мүмкін. Біз Түркия елшісінің алдымызға шығып, жағдай туралы түсініктеме беруін талап етеміз”, – деді “Сапат” мектебінің оқытушысы Махабат Мурзакматова. Алайда бұл туралы дипломатиялық өкілдіктен түсініктеме алу мүмкін болмады.
Орхан Инандыны қолдау митингі 2 маусым күні министрлер кабинетінің алдында да өткен. Сол кезде наразылыққа шыққандарға президент Жапаровтың өзі іздеуді күшейтуді тапсырғаны айтылған.
Айта кетейік, “Сапат” халықаралық білім беру мекемелері президентінің жоғалуына байланысты елдің Ішкі істер министрлігі “жедел-тергеу” шараларының күшейтілгенін хабарлаған.
Әлі расталмаған ақпаратқа сүйенген Адвокат Зоотбек Құдайбергенов Орхан Инандыны Бішкекте күшпен ұстап отырғанын айтқан.
“Сапат” халықаралық білім беру мекемесі ұйымы Орхан Инанданың орналасқан жері туралы ақпарат үшін сыйақы жариялады.
Инанданың орналасқан жері туралы ақпаратты хабарлауға болатын телефон нөмірлері: 0555 155 144; 0550 049 050.
Еске салайық, 1 маусым түнде Қырғызстандағы халықаралық “Сапат” білім беру мекемелерінің президенті Орхан Инандыны ұрлап кеткен. Оның автокөлігі түнде есігі ашық күйінде табылған. Орхан Инандының ұлы әкесінің осы көлікпен жүргенін және соңғы рет 31 мамыр сағат 18:00-де телефон арқылы байланысқа шыққанын айтты.
2012 жылдан бері Қырғызстан азаматы Орхан Инанды “Сапат” мектептері мен “Ататүрік Ала-Тоо” университетінің негізін қалаушылардың бірі.