Байден Путинге санкция салуы мүмкін екенін мәлімдеді

0
236
АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей басшысы Владимир Путин. Photo: The Straits Times

АҚШ президенті Джо Байден Ресей Украинаға басып кірсе, Владимир Путинге санкция салуға дайын екенін мәлімдеді.  Ол егер Ресей Украинаға әскер кіргізсе, салдары “ауыр” болатынын ескертті.

АҚШ президенті сонымен бірге Американың 8,5 мың әскери қызметкері Шығыс Еуропадағы НАТО елдеріне дислокация жасауға дайын отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, дегенмен АҚШ Украинаға әскер жібермейді.

CIT (Conflict Intelligence Team) тобының зерттеушілері 2021 жылы Ресей армиясы Украинамен шекарасына артиллерия мен танк, мотоатқыштар мен десанттарын әкеп жатыр деп хабарлаған. Украинамен шектесетін Ресейдің Воронеж облысына былтыр көктемде “Ескендір” зымыран кешені де әкелінгені айтылған. 2022 жылы қаңтарда CIT Ресейдің батыс аймаққа тағы әскер жеткізгені жөнінде айғақтар жариялады.

Өткен жылы күзден бері ақпарат құралдарында Ресей әскерінің Украина шекарасы маңына шоғырланғаны туралы көп мәлімет жарияланды. АҚШ пен өзге де Батыс елдері Мәскеу әскери шабуылға дайындалып жатыр деп болжайды. Кремль мұны жоққа шығарып отыр.

НАТО Украинадағы жағдайға байланысты Шығыс Еуропаға қосымша күштерін шоғырландыра бастаған. АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин 25 қаңтарда 8,5 мың әскерін дайындық режиміне көшіргенін, Шығыс Еуропаға жөнелтуге дайын екенін айтты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз