Сейсенбіде Украина қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасы Ресеймен тұтқын айырбасталғанын хабарлады. RFE/RL қазақ қызметінің сілтеме жасап таратқан бұл мәліметке қарағанда, екі офицер, 14 жауынгерден тұратын Украинаның 16 әскери қызметкері және бір бейбіт адам Ресейдің 15 жауынгеріне айырбасталған.

“Украинская правда” басылымының хабарына қарағанда, бостандыққа шыққан украин жауынгерлерінің арасында осыдан екі ай бұрын тұтқынға түскен әскери-теңіз күштерінің қызметкерлері мен десанттар бар. Бес жауынгер айырбасқа дейін Ресей ауруханаларында жатқан, ауыр жараланған тағы бес жауынгер шұғыл емдеуді керек етеді.

Тұтқындар Херсон және Николаевск облыстарының шекарасында айырбасталған. Бұл аумақ қазір Ресей әскерінің бақылауында тұр.

Ресей қорғаныс министрлігі тұтқын айырбасы жөнінде хабар таратқан жоқ.

Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен кейін екі тарап бірнеше рет тұтқын алмасқан. Әскери сарапшылардың бағалауына қарағанда, Ресей жағында тұтқында отырған украин жауынгерлері көбірек. Алайда бұл жөнінде қандай да бір ресми ақпарат жоқ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз