Қырғызстан мен Тәжікстанның ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшылары екі ел арасындағы жанжалды бейбіт жолмен реттеу туралы хаттамаға қол қойды. Бұл жөнінде Қырғызстанның вице-премьері әрі ұлттық мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Тәшиев сөзіне сүйеніп RFE/RL қырғыз қызметі хабарлады.
Қырғызстан ҰҚК басшысының сөзінше, қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы шабуылды тергеп-тексеру үшін құрылған бірлескен комиссия 20 қыркүйектен бастап жұмысын жалғастырады.
Екі ел шекарасындағы қақтығыс кезінде қаза болғандарды еске алу мақсатында Қырғызстан 19 қыркүйекті аза күні деп жариялаған. Кейінгі ресми ақпараттарға қарағанда, 14-17 қыркүйекте Қырғызстанның кемі 59 адамы қаза болған, оның 40 адамы – жауынгерлер. 164 адам жараланған. Шекарадағы қырғыз ауылдарынан 140 мыңнан астам адам қауіпсіз мекенге көшірілген. Тәжікстан сыртқы істер министрлігі 41 тәжік азаматы өліп, 100-ден астам адам жараланғанын хабарлады.
Қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай 14 қыркүйекте күрт ушыққан. Екі тарап жанжал бастады деп бірін-бірі айыптаған. 16 қыркүйекте атысты тоқтату туралы бітімге келген еді, алайда атыс 17 қыркүйекте де тоқтамаған.