7 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына барып халықпен кездесті. Ол облыс халқына Қаңтар оқиғасы кезіндегі ауызбіршілігі үшін алғыс айтты.
Тоқаев халықпен кездесуінде саяси жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып, орнықтыру қажет екеніне тоқталды. Кез келген мәселеде келіссөз, диалог арқылы мәмілеге келуге болатынын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау жұртына шынайы ризашылығын білдірді.
“Қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде сіздер ел тағдырына жауапкершіліктің озық үлгісін көрсеттіңіздер. Сол күндерде мұнда адам өлімі болған жоқ. Мемлекеттік және қоғамдық орындар шабуылға ұшыраған жоқ. Елге жанашырлық деген – міне, осы! Шын мәнінде, адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Қандай күрделі мәселенің өзін айғай-шу, дау-дамайсыз сабырмен шешуге болады. Біз ішкі және сыртқы саясатта осы ұстанымды сақтаймыз”, – деді президент.