Өзбекстан Қазақстанға Ақтөбе облысында автобустың өртену себептерін анықтау кезіндегі ынтымақтастығы мен зардап шеккендерге көрсеткен көмегі үшін риза. Бұл туралы Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі Тимур Рахымов Өзбекстан Республикасы делегациясының, Үкіметтік ведомствоаралық комиссия мүшелері мен Ақтөбе облысының әкімдігі басшылығының кездесуінің қорытындысы бойынша хабарлады.
«Төтенше оқиға орын алып, нәтижесінде Өзбекстан Республикасының азаматтары қаза болды. Ең алдымен, біз Қазақстан Президентіне, Үкіметке, жұмысқа қолайлы жағдай жасаған барлық мемлекеттік органдарға ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Қазақстандық тараптың қолдауымен тергеу шараларының жедел өтетініне және зардап шеккендер мен қаза болғандарды отанына жеткізу үшін қажет барлық сұрақтардың шешілетініне сенеміз», – деді Т.Рахымов.
Хабарлағандай, 18 қаңтарда Ақтөбеге Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар бойынша министрі Рустам Джураев бастаған делегация келген болатын. Оның құрамына денсаулық сақтау, ішкі істер министрліктерінің қызметкерлері мен дипломаттар кірді.
Қазіргі таңда қайғылы оқиғаның себебін анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиға орнында прокуратура, облыс әкімдігі, ішкі істер, төтенше жағдайлар мен басқа да органдардың сексеннен аса қызметкері жұмыс істеуде. Отыз бірлік техника жұмылдырылды.