ҰБТ тапсыру уақыты жарты сағатқа қысқарады: Тағы қандай өзгерістер бар?

0
61
ҰБТ тапсыру барысы.

2024 жылғы ҰБТ-да тест сұрақтарының саны өзгереді, сондай-ақ бейіндік пәндерге жаңаша тапсырмалар қосылып, тестілеу уақыты қысқарады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әлеуметтік желіде жариялады.

ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады. Бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады.

Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды.

«Жоғары білімді оңтайлы етудің маңызды қадамы – ҰБТ тапсырмаларын жетілдіру. Біз нәтижелерді қалыптастыру мен талдауда психометриялық тәсілдерді қолдана отырып, стандартталған форматқа көшеміз», – деп жазған министр.

Жоғарыда аталған өзгерістерге байланысты тестілеу уақыты қысқарады. Енді ҰБТ тапсыруға оқушыларға 3 сағат 30 минут (210 минут) бөлінеді. Бұрын 4 сағат (240 минут) берілген. Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.

Биылғы тағы бір жаңалық шығармашылық бағыттарды таңдаған талапкерлерге қатысты, енді олар «Қазақстан тарихы» мен «Оқу сауаттылығы» пәндерімен қатар «Математикалық сауаттылықты» міндетті пән ретінде тапсырады.

«Бейіндік пәндердің комбинациясы бойынша да өзгерістер бар. Оқушылардың, ата-аналардың және педагогикалық қауымның пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, «B059 – Коммуникациялар және коммуникациялық технологиялар», «B055 – Математика және статистика», «B063 – Электротехника және автоматтандыру» білім беру бағдарламаларының топтарына түсушілер «Математика-Информатика» комбинациясын тапсырады», – дейді министр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз