7 қазанда Газа секторы Израильге соғыс ашты. Олар, шекараны бұзып кіріп, бір күннің ішінде өздерінің аумағынан үлкен территорияны басып алды, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі әлемдік БАҚ көздеріне сілтеме жасап.
«Хамас» (Исламдық қарсылық қозғалысы) әскері Изарильге шабуыл жасап, бірнеше адамды тұтқынға алған. Оның ішінде «ЦАХАЛ» (Израиль қорғаныс әскері) генералы, генерал-майор Нимрод Алони бар.
Бұл қақтығыста Изариль тарапын көптеген елдер қолдауда. Олардың ішінде АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Украина және тағы да басқалары бар. Ал, Түркия мен Сауд Арабиясы екі тарапты сабырға шақырған. Хамас әскерилерін қолдаушылардың арасынан Иран және тәліптер табылды. Оның үстіне 7 қазан түні ливандық шииттер тобы Израильге “Палестина халқымен ынтымақтастықтың белгісі ретінде” минометтермен оқ жаудырған. Бұған жауап ретінде Цахал Ливанның оңтүстігіндегі «Хезболла» (Ливанның әскерилендірілген шиит ұйымы) орналасқан аумаққа бірқатар зымыран атқылаған.
Қазіргі таңда екі тарап арасында қақтығыс жалғасуда. Израиль қорғаныс әскерінің мәліметі бойынша, 700-ден астам израильдік қаза тауып, 2150 адам жарақат алған. Газа секторынан 3284 зымыранмен шабуыл жасалған. (ХАМАС мәліметі бойынша – 5 мыңнан астам). Израиль 653 нысанаға соққы жасаған. Палестина билігінің хабарлауынша, Газа секторында Израильдің әуе шабуылдарының салдарынан 413 адам қаза тауып, 2300 адам жарақат алған.
Соғыстың жариялануы алда үлкен шайқастар тұрғанын білдіреді. Енді Израиль Газада құрлықтық операциялар бастауы мүмкін деген болжам айтылып отыр.
Соңғы мәліметке қарағанда, Хамас пен кішігірім Исламдық жиһад тобы Израильдің ішінде 130-дан астам адамды тұтқынға алып, Газаға жеткізген. Олар бұл адамдарды Израиль түрмелерінде отырған мыңдаған палестиналыққа айырбастағысы келеді.
Бұл шабуылдардан көп адамның өлуі және оған баяу жауап берілуі Израильдің барлау қызметінің сәтсіздігін әшкерелеп, халық тығыз қоныстанған Газа секторы жіті бақылауда деген түсінікті тас-талқан етіп отыр.
Хамастың әскери қанатының жетекшісі Мұхаммед Дейфтің сөзінше, “әл-Ақса дауылы” деп аталатын бұл шабуыл Газада 16 жылға созылған блокада мен израильдік оккупацияға қарсылық ретінде ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, өткен жылы Израильдің әсіре оңшыл үкіметі оккупациядағы Батыс жағалауда еврейлер үшін елді мекендер құрылысын күшейтті. Ал оларға қоныстанып жатқан израильдіктердің зорлық-зомбылық әрекеттерінен жүздеген палестиналық үйлерін тастап кеткен.