Таиландтан Мәскеуге қарай бағыт алған ресейлік жолаушылар ұшағы Ауғанстанда апатқа ұшырады. Ұшақпен байланыс сенбі күні кешке үзілген.
Ауғанстанның Бадахшан провинциясының тұрғындары құлаған ұшақтың дыбысын естіп, полицияға хабарлаған.
Росавиация мәліметінше, мәселе Ресей азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік реестрінде тіркелген Falcon 10 ұшағы жөнінде болып отыр. Ол “Атлетик Групп” және жеке тұлғаға тиесілі. Ұшақ бортында алты адам бар деп айтылады: экипаждың төрт мүшесі және екі жолаушы. Кемінде екеуі – Ресей азаматы, деп хабарлады ТАСС ақпарат агенттігі.
Ұшақ чартерлік санитарлық рейс атқарған. Оның бағыты Гая (Үндістан) — Ташкент (Өзбекстан) — Жуковский (Мәскеу облысы, Ресей) болған. Росавиацияның хабарлауынша, ұшақтың бастапқы ұшу орны Таиландтың Утапао әуежайы болған.
Ұшақ табылмайынша, экипаж мүшелері мен жолаушылардың тағдыры белгісіз. Ұшақ Тәжікстанмен шекарадағы таулы ауданға құлаған. Ресей авиация ведомствосы Ауғанстан және Тәжікстан билігімен байланыста отыр.