Түркия тегін АЭС үшін Ресеймен соттасып жатыр

0
23

Түріктің тұңғыш атом станциясының тапсырыс берушісі “Аккую Нуклеар”​ акционерлік қоғамы ресейлік “Росатомның” еншілес компаниясы “Атомстройэкспорттан” түрік АЭС-і жобасы аясында 56,1 миллион доллар қаражатты қосымша өндіріп алуға кірісті, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Inbusiness сайтына сілтеме жасап.

Станцияға қажетті жабдықты жеткізу міндетін уақытылы орындай алмағаны үшін таяуда “Атомстройэкспортпен” арадағы келісімшарт бұзылды да, ол бұрын төленген аванс ақшаның бүкіл сомасын рубльде толық қайтарды. Ол аванс 2013 жылы берілген. Алайда тапсырыс беруші оның борышын жоғарылаған курс бойынша қайта есептеп шығып, бұрынғы мердігеріне шетелдік валютада талап қойды.

Өйткені 2013 жылы доллардың Ресейдегі орташа бағамы 31,8 рубль ғана болды. Қазіргі кезде бұл бағам орта есеппен 90 рублді құрайды. Яғни, қарыз сомасы да еселеп артып шыға келген. 

Алайда, өзінің тұңғыш атом станциясы үшін түрік тарапы шығын шекпейді. Себебі, Анкара Мәскеуді соған көндіре алған. “Аккую” АЭС-і – “BOO” (Build – Own – Operate) моделі бойынша салынып жатқан әлемдік атом саласындағы тұңғыш станция.

ВОО моделі бойынша “Росатом” станцияны өзі жобалайды, өзі салады, өзі эксплуатациялайды. Тиісінше, осы кезеңдердің бүкіл шығынын өзі көтереді.

Түркия өз кезегінде АЭС-тің өндірген электр және жылу энергиясын қандай тарифпен, қаншаға сатып алатынын өзі шешеді.

Бұл дауға күтпеген жерден Ресей Бас прокуратурасы араласып отыр. Ол ірі сомадағы бюджеттік ақшаны “Аккую Нуклеар” АҚ-ына, яғни Түркияда салық төлейтін түрік резидентіне аударуды “ресейлік мемлекеттің мүдделеріне қауіп төндіреді және қайшы” деп таныды.

Сондықтан Ресейдің Нижегород облысының арбитраждық сотында Росатомның нижегородтық құрылымы саналатын “Атомстройэкспорт” (АСЭ) АҚ-ына қарсы резонансты дау қайта басталды. Егер АСЭ онда жеңіліп қалса, онда “Аккую Нуклеар” одан бұрын алған 3,2 миллиард рубльге қосымша 2,3 миллиард рубль өндіріп алады. Оның үстіне “Аккую Нуклеар” қаражатты тегісімен тек долларда қайтаруды талап етуде (56,1 млн доллар).

Егер де орыс соты түрік резидентін жығып берсе, онда халықаралық дау ушығады. Ал “Аккую” АЭС-і – Росатомның қолданыстағы жобаларының ішіндегі ең ірісі.

Бұған қоса, Ресей Бас прокуратурасының іске араласып, қаралып жатқан дау ұлттық мүддеге тікелей қатысты деп есептейді.

«Себебі, ол ірі көлемдегі қаражатты Ресей Федерациясынан шығарып әкетіп, шетелдік мемлекеттің резидентіне табыстауды қарастырады», – деген дәйек келтірді арбитраж сотында Бас прокуратураның өкілі Юлия Яковлева.

Түркиялық тапсырыс берушінің заңгері қос компания арасындағы дауда “ешқандай ұлттық мүдде” жоқтығын, мұның коммерциялық іс екенін алға тарта келе, “бұл дау туралы прокуратураның қайдан білгенін” сұрады.

Бірақ судья Наталья Исайчева, Ресей Бас прокуратурасына аталған дауға тарап ретінде қатысуына рұқсат етті. Осылайша, “Росатомның” жобалық компаниясының валютасын, ол жетпесе, активін түрік резидентінің алып қоюына Мәскеу тосқауыл қойып тастады. Істі қарау ақпан айына шегерілді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз