Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін ұйымдастырылған брифингте вице-премьер Тамара Дүйсенова МӘМС төңірегіндегі мәселелер қалай шешілетінін айтып берді, деп хабарлайды kazaknews.
Журналистер вице-премьерден МӘМС жүйесіне қатыспайтын 2 млн халық қалай емделетінін сұрады.
“МӘМС-ке қатыспайтын азаматтарға мемлекет тарапынан кепілдендірілген медициналық көмек бар. Олар қазір сол көмекті алып жатыр”, – деп жауап берді Тамара Дүйсенова.
Сондай-ақ ол МӘМС төңірегіндегі мәселелерді шешу үшін қандай шаралар жасалып жатқанына тоқталды.
“Мемлекет басшысы дәрігерлерді, медицина қызметкерлерін қағазбастылықтан арылтуды тапсырған болатын. Бұрын әр мекеме 6 келісімшарт жасайтын еді, қазір бір ғана келісімшарт жасайтындай етіп цифрландырдық. Сонымен қатар әр адамға берілген медициналық көмек тексерілетін болады. Ең бастысы, әр азаматтың өзіне емханадан ем алған-алмағанын анықтайтын хабарлама жіберілетін болады”, – деді премьер-министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, МӘМС тарифын көтеру мәселесі де қарастырылады.
Айта кетейік, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мен айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінің артуына байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерді.
- Жұмыс беруші – жұмысшының еңбекақысының 3%-ын, бірақ 21 мың теңгеден аспайды, өйткені есептеу объектісі 10 ЕТЖ-нан аспауы тиіс. МАҢЫЗДЫ: егер жұмысшы 15 жеңілдік санатының біріне жататын болса, онда ол үшін аударым жасаудың қажеті жоқ.
- Қызметкерлер, оның ішінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатындар – өз табысының 2%-ын құрайды, бірақ 14 мың теңгеден аспайды, өйткені есептеу объектісі 10 АЕК-ден аспауы керек.
- Жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар – ЕТЖ-ның 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ы.
- Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар БЖТ төлейді:
– елорда, республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін – 1 АЕК;
– басқа елді мекендердің тұрғындары үшін – 0,5 АЕК.
- Дербес төлеушілер – ЕТЖ-ның 5%-ын.
- Мемлекет азаматтардың 15 жеңілдікті санаты үшін төлейді – бұл 11 млн-нан астам адам.
“Үшінші мәселе – азаматтардың қатысуы. Қатысуға мүмкіндігі бар, табысы бар азаматтарға қатысты жергілікті жұмыстар басталды. Ал мүмкіндігі жоқ азаматтарды жергілікті атқарушы органдармен бірге қарастыратын боламыз. Олар төлейді, болмаса республикалық бюджеттен әлеуметтік осал топтарға қаражат қарастырылған. Қазірдің өзінде 15 категориядағы 11 миллион адамға республикалық бюджеттен қаражат бөлінген”, – деп толықтырды вице-премьер.
Сонымен қатар Тамара Дүйсенова бұрынғы денсаулық министрі Ажар Ғинияттың қызметінен кетуіне МӘМС-тегі былықтар себеп болды ма деген сауалға жауап берді.
“Ажар Ғиният дәрігер ретінде өте жақсы жұмыс істейді. Бірақ МӘМС-те біраз мәселелер бар. Сондықтан қазір МӘМС-тің тиімділігін арттыру үшін жаңа өзгерістер болып жатыр”, – дейді ол.