Қазіргі заман – ақпараттық технологиялар қарқынды дамып, адам өмірінің барлық саласына терең әсер етіп отырған кезең. Осы өзгерістердің басты қозғаушы күштерінің бірі – жасанды интеллект. Жасанды интеллект – адамның ойлау қабілетіне ұқсас түрде ақпаратты өңдеп, талдап, белгілі бір шешімдер қабылдай алатын заманауи технология. Бүгінде оның қоғамдағы орны мен рөлі күн сайын артып келеді.
Жасанды интеллект қазірдің өзінде күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Әлеуметтік желілерде өткізетін уақытымыздың өзі осы технологиямен тығыз байланысты. Мысалы, TikTok секілді платформалардағы қысқа бейнероликтер арнайы алгоритмдер арқылы ұсынылады. Бұл – жасанды интеллекттің қолданылуының айқын көрінісі. Біз қолданатын смартфондар мен түрлі қосымшалардың барлығы дерлік осы технологияның көмегімен жұмыс істейді.
Жасанды интеллекттің қоғамдағы рөлі сан қырлы. Медицина саласында ол ауруларды ерте анықтауға, тиімді емдеу тәсілдерін таңдауға көмектеседі. Ал білім беру жүйесінде оқушылардың үлгерімін саралап, мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге ықпал етеді. Сонымен қатар, бүгінде көпшілікке таныс ChatGPT секілді жүйелер күрделі сұрақтарға жауап беріп, мәтіндер мен шығармалар жазуға да көмек көрсетеді. Бұл – ақпарат алудың жаңа әрі тиімді жолы.
Жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мұнымен шектелмейді. Қазіргі таңда түрлі жарнамалар, бейнероликтер және интернеттегі контенттің басым бөлігі осы технология арқылы жасалады. Роботтар, өздігінен жүретін көліктер, «ақылды» үйлер – барлығы да жасанды интеллект жетістіктерінің нәтижесі. Бұл адамзатқа жаңа мүмкіндіктер ашып, өмір сапасын арттыруға ықпал етуде.
Алайда, жасанды интеллекттің пайдасымен қатар, оның қауіптері де бар екенін ескерген жөн. Бұл технологияны дұрыс пайдаланбау жеке өмірдің құпиялылығына қауіп төндіруі, жалған ақпараттың таралуы және түрлі цифрлық мәселелердің туындауына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, жасанды интеллект қаншалықты дамығанымен, ол адам орнын толық баса алмайды. Себебі оны жасаған – адамның өзі.
Қорытындылай келе, жасанды интеллект – тек технология ғана емес, қазіргі қоғамның ажырамас бөлігі. Оның мүмкіндіктері шексіз, алайда сол мүмкіндіктерді тиімді әрі дұрыс пайдалану – біздің басты міндетіміз. Жасанды интеллектті жан-жақты меңгеріп, оны игілікке бағыттай білсек, болашаққа нық қадам жасап, еліміздің дамуына өз үлесімізді қоса аламыз.
Іңкәр Рахманқұл, 11 сынып оқушысы
























































