Қазақстан БАӘ экономика саласындағы тәжірибесіне қызығушылық танытты

0
83
Мәжіліс

Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Мұхаммед әл – Джабар мырзаны қабылдады. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлайды.

Бұл тараптардың алғашқы жүздесуі. Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, БАӘ Қазақстаннның ең маңызды әріптестерінің бірі. Өткен жылы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде қос мемлекет арасындағы байланыс сындарлы даму деңгейіне жетті. Тараптардың пікірінше, бұл екі ел басшыларының бауырластық, достық негізге құрылған стратегиялық келісімдерінің жемісі. Н. Нығматулиннің айтуынша, бүгінгі күні барлық салада, әсіресе, мұнай-химия, көлік-логистика, энергетика салаларында әріптестік қатынас белсенді түрде дамып келеді. Кездесу барысында Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауында айтылған 10 бағытқа айрықша назар аударған Мәжіліс Спикері болашақта екі ел арасында технология және инновация саласында ықпалдастықты тереңдетудің маңыздылығына тоқталды. Мәселен, Әмірліктің экономиканы әртараптандыру, инновациялық экономикаға көшу, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар қалыптастыру тәжірибесі Қазақстан үшін қызығушылық тудырады. Өз кезегінде елші Қазақстан барлық салада әлемдік деңгейде зор рөлге ие екенін, ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының нәтижесі екенін айтып, БАӘ Қазақстанның барлық бастамаларын қолдауға ынталы екенін жеткізді. Кездесу иелері халықаралық өзекті сұрақтарды да назардан тыс қалдырмады. Жүздесу соңында Мәжіліс Спикері алдағы уақытта бейінді комитеттер арқылы іс-сапарлар жасау, әр сала бойынша заңнамалық тәжірибе алмасу жұмыстарын күшейту біздің елдерімізді одан әрі жақындастырып, елдер арасындағы заңнамалық базаны нығайта түсетінін атап өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз