Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы 601 сыбырлақ аққудың өлімін растады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақтаудағы Қаракөл көлінде құстардың жаппай қырылу себептерін анықтау үшін Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының орнитологтары зерттеу жүргізеді.
Бұл туралы аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте белгілі болды.
Ақтаудағы Қаракөл көлінде аққулардың жаппай қырылуы бір ай бұрын басталған.
Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов айтуынша, Қаракөл көлінде қаза тапқан аққулардың саны туралы ақпарат күн сайын жаңарып отырады.
“2023 жылғы 21 желтоқсанда Қаракөл көлінде аққулардың өлімі туралы алғашқы хабарлама келіп түсті. Біз Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты ұлттық референттік орталықтың мамандарымен, микробиология және вирусология институтының сарапшыларымен байланысқа шықтық. Олар тексеру жүргізу мақсатында өлген аққулардан сынама алу үшін мамандар жіберді. Қазіргі уақытта, 2024 жылдың 6 қаңтарындағы жағдай бойынша біз 601 аққудың өлімін тіркедік. Өлген аққулардың 90 пайыздан астамы — жас аққулар. Қосымша зерттеулер жүргізу үшін Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау ассоциациясының оринтологтарын күтеміз”, – деді Ғаббас Досатов.
Бастапқы талдаулар нәтижесі аққулардың құс тұмауын жұқтыру себебінен өлуі мүмкін екенін көрсеткен.
“Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, Қаракөл көлінде аққулардың жаппай қырылуы құс тұмауының өршуінен болғанын көрсетеді. Олардан H5N1 азиялық штаммы табылды. Бұл вирустың адамдарға жұқпалылығы төмен, құстарға әсер етеді, басқа жануарлар жұқтырған жағдайда симптомсыз өтеді. Өткен жылы ветеринариялық — профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес қауіп төнген аймақта алты мың бас құс вакцинацияланды. Облыста барлығы үш құс шаруашылығы бар, бірақ оларда шаруашылықтың жабық түрі болғандықтан құстарды егуден бас тартты”, – деді Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Темірбек Нұртазин.
Қаракөл Қазақстанның қорғалатын орнитологиялық орындарының қатарына жатады. Бұл мекен — ондаған мың құстардың қыста қонақтайтын орны. Бір жыл ішінде Қаракөл көліне жыл құстарының 80-нен астам түрі, соның ішінде аққулар мен бүркіттер келеді.
Бұл сулы-батпақты алқапта жылдың әр мезгілінде суда жүзетін және су маңындағы құстардың 175 түрі, оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген құстардың 21 түрі мекендейді.