Түрік арнасы ойын видеосын «Африн операциясы» деп жариялаған

0
141

Түркияның ақпараттық телеарналарынан HaberTürk каналы тікелей эфирде Medal of Honor атты ойынның видеоларын «Африн операциялары» ретінде жариялап, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұл туралы GriHat порталы хабарлайды.

Тікелей эфирде шыққан хабарда жылу камерасының (thermal camera) көмегімен түсірілген көріністердің түрік қарулы күштері бастаған «Зәйтүн сабағы» операциясы кезінде түсірілгені айтылады. Алайда бұл видеоның 2010 жылы шыққан Medal of Honor атты компьютер ойынының эпизодтары екені анықталды. 

GriHat түрік тілінде шыққан ақпараттың дұрыс-бұыстығын, фейк (жалған ақпарат) еместігін, анықтайтын Teyit.org сайтына сүйене отырып, тікелей эфирде жарияланған кадр мен YouTube желісіне жүктелген Medal of Honor ойынының видеолары арасында ешқандай айырмашылықтың жоқ екеніне көз жеткізді.

Видеолардың бірдей екенін экранның үстінгі оң жағында орналасқан «W M82» жазуы мен төменгі сол жақ бұрыштағы «005 L» жазуының ұқсастығынан-ақ байқауға болады.

(Қазақстан аумағында dailymotion сайтының бұғатталуына байланысты, видео ашылмауы мүмкін. Тамашалау үшін браузеріңізді VPN режиміне ауыстырыңыз немесе анонимайзер көмегімен сілтемеге өтіңіз.)

Түрік қарулы күштері Ресей тарапының келісімімен 20 қаңтар күні шекараға жақын аймақта орналасқан Африн қаласына «Зәйтүн сабағы» атты шабуыл операциясын бастаған болатын. Африн қаласы Сирияда басталған азаматтық соғыс кезінде күрд қарулы жасақтарының бақылауына өткен еді. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған «Зәйтүн сабағы» операциясының «күрдтерден құралған лаңкестік топтардың толықтай көзі жойылғанша» жалғасатынын мәлімдеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз