Қақтығыс аймақтарында 500 миллионға жуық адам тамаққа талғажау

0
139

Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) қарасты азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы (ағылшынша: FAO) жариялаған зерттеуге сүйенсек, әлемнің қарулы қақтығыс болып жатқан аймақтарында 500 миллионға жуық адам ішерге ас таппай қиналады.

FAO-ның «Қақтығыстарға ұшыраған елдерде азық-түлік қауіпсіздігін бақылау» атты зерттеуінде Ауғанстан, Бурунди, Орталық Африка Республикасы, Конго Демократиялық Республикасы, Гвинея-Бисау, Гаити, Ирак, Либерия, Мали, Сомали, Оңтүстік Судан, Судан, Сирия, Украина мен Йеменде, сондай-ақ Ливандағы сириялық босқындар лагеріндегі халықтың тұрмыс-тіршілігі есепке алынды. Аталмыш елдердің әрқайсысында тамаққа талғажау іздеген адамдардың саны бір миллионнан асып артылады.

«Аштық тізімінде» Йемен көш бастады. Мәзхабтық қақтығыстардан көз ашпаған бұл араб елінде 26 миллион халықтың 17 миллионы аштық зардабын тартып келеді. Сирияда тамақ таппай әлек болғандардың саны халықтың 33%-ын құрайды, яки 6 миллион 500 мың адам. Украинада қарулы қақтығыстың тап ортасында қалған халықтың төрттен бірі, 1 миллион 200 мың адам, азық-түлікке қолы жеткізе алмауда.

FAO-ның зерттеуі бойынша, осы 16 елдің тең жартысында халықтың төрттен бірінің (кей елдерде одан да көп) аштықтан тартқан зардабы «дағдарыс» немесе «төтенше» жағдайда деп бағаланды. Аталмыш елдерде азық-түлік қауіпсіздігінің сақталып, азық-түліктің емін-еркін тасымалдануына қарулы қақтығыстар кедергі келтіреді. БҰҰ-ның соңғы бағалауында да, он жыл бойы тұрақта түрде төмендеген «аштық көрсеткіші» әлемнің бірқатар елдерінде соғыс отының тұтануынан кейін үдейе түскені айтылған еді.

Жалпылай алғанда, статистикаға сәйкес, планетамызда тамаққа талғажау іздеген халықтың саны 2016 жылы 815 миллион адамға жеткен, ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 777 миллион адамды құраған болатын. БҰҰ 2017 жылға қатысты нақты дерек келтірмесе де, FAO зерттеуінде қарулы қақтығыс аймақтарында тұратын 489 миллион адамның азық-түлікке зәру екені жарияланды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз