27 жыл отасқан Билл Гейтс пен әйелі Мелинда ажырасатынын мәлімдеді

0
354
Билл және Мелинда Гейтс.

Microsoft корпорациясының негізін қалаушы, миллиардер Билл Гейтс пен әйелі Мелинда Гейтс 27 жыл некеден соң ажырасатынын хабарлады. Ерлі-зайыптының үш баласы бар. 

65 жастағы филантроп Twitter-де “арадағы қарым-қатынасымыз туралы ұзақ ойланып, сол бойынша көп жұмыс істегеннен кейін” осындай шешім қабылданғанын жазды.

“Өміріміздің қалған кезеңінде ерлі-зайыпты ретінде бірге өсетінімізге сенбейміз. Жаңа өмірге үйренісу үшін осы уақыттарда біраз кеңістік беріп, отбасымызға құрметпен қарауды сұраймыз”, – делінген хабарламада.

Microsoft корпорациясындағы табысы мен Windows операциялық жүйесінің арқасында Билл Гейтс 1987 жылдан бері әлемдегі ең бай адамдар тізімінде тұр. Ол филантропиямен айналысу үшін 2014 жылы корпорацияның төрағасы қызметінен кетті. 2020 жылы директорлар кеңесінің құрамынан шықты.

Билл және Мелинда Гейтс 2000 жылы құрылған Bill and Melinda Gates Foundation коммерциялық емес ұйымының тең төрағалары.  Салық декларациясына сәйкес, CNBC хабарлағандай, қазіргі уақытта қордың активтері 51 миллиард доллардан асады.

Осыдан екі жыл бұрын Amazon корпорациясының негізін қалаушы, әлемдегі ең ауқатты адамдардың бірі Джефф Безос та сол кездегі жұбайы Маккензимен ажырасқан.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз