АҚШ барлау қызметі: Айналасындағылар Путинге шындықты айтудан қорқады

0
363
Ресей президенті Владимир Путин және қорғаныс министрі Сергей Шойгу. Photo: Reuters

Владимир Путин Украинада Ресей әскерінің қалай соғысып жатқанын және “әскери операцияның” қаншалықты “сәтті жүргізіліп” жатқандығынан ішінара хабарсыз, себебі кеңесшілері шындықты одан жасырады. АҚШ барлау қызметінің дерегіне сүйенген BBC агенттігінің орыс қызметі осылай деп хабарлады.

Ақ үй өкілінің сөзіне қарағанда, Путин әскери борышын өтеп жүргендердің соғысқа алынғандығын және олардың қаза болғанын білмейді. Ресей президенті осыған дейін “арнайы операцияға” тек жалдамалы әскер ғана қатысып жатыр деп мәлімдеген. Алайда қорғаныс министрлігі кейін Украинада әскери борышын өтеп жүргендер де бар екенін және олардың тұтқынға түскенін мойындаған. Қорғаныс министрлігі олардың барлығы Ресейден әкетілді деп сендіруге тырысқан.

АҚШ шенеунігі Кейт Бедингфилдтің айтуынша, Путинге кеңесшілері сонымен бірге Батыс санкциясының Ресей экономикасына ықпалы жайлы ақпаратты толық жеткізбейді. Себебі, Путиннің айналасындағылар президентке “шындықты айтудан қорқады”.

Дереккөз бойынша, Путин әскерилердің майдандағы шынайы жағдайды жасырып отырғанын сезеді және осы жағдай президент пен қарулы күштер арасындағы жағдайға салқынын тигізген.

Кремль әзірге ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.

Ресей Украинаға соғыс ашқалы бері Путин жұрт алдына сирек шығатын болған. Украинадағы соғысқа байланысты бірнеше рет қана түсініктеме берген. Ресей ресми түрде Украинаны “денацификация” және “демилитаризациялаудан” бас тартқан жоқ. Десе де, келіссөзге Ресей жағынан қатысып жатқан Владимир Мединскийдің айтуынша, Украинаның НАТО-дан бас тартуы және бейтарап мәртебесін жариялауы Ресей талаптарының орындалғаны болып есептеледі.

Украина-Ресей соғысының басталғанына бір айдан асты. Бірқатар “жетістіктерге” қарамастан Ресей әскері Украина армиясын тықсыра алған жоқ және Херсоннан басқа бірде-бір облыс орталығына бақылау орнатқан жоқ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз