Байден мен Путин 16 маусымда Женевада кездеседі

0
103
АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей басшысы Владимир Путин. Photo: The Straits Times

АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей президенті Владимир Путин 16 маусым күні Женевада кездеседі. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз қызметі хабарлады.

Маусым айында Байден президент ретінде Еуропа елдеріне алғашқы сапарына шығады.

Байден мен Путин президент ретінде алғаш рет кездеседі. Екеуі 2011 жылы Мәскеуде жолыққан. Ол кезде Байден – Барак Обама әкімшілігінде вице-президент, Путин – Ресей премьері еді.

25 мамыр күні өткен брифингте Ақ үй баспасөз хатшысы Джен Псаки президенттердің барлық өзекті мәселені талқылайтынын, АҚШ Ресеймен қарым-қатынасында тұрақтылықты қалпына келтіруге тырысатынын жеткізді.

Псаки Байден мен Путиннің көп уақыты стратегиялық тұрақтылықты талқылауға кетеді деп санайды. Ол президент Байденнің Украина мәселесін көтеретінін, оның егемендігі мен аумақтық тұтастығын АҚШ-тың қолдайтынына тоқталатынын айтты.

Кремль сайтында екі ел басшысының кездесуінде Ресей-Америка қатынастарының жай-күйі мен одан әрі даму перспективалары, стратегиялық тұрақтылық, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, коронавирус пандемиясымен күрестегі өзара іс-қимыл және аймақтық қақтығыстарды шешу талқыланады делінген.

24 мамырда белгілі болғандай, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі мен Ресей қауіпсіздік кеңесінің басшысы Николай Патрушев сөйлескен. Екі жақтың бірлескен мәлімдемесінде екі президенттің кездесуіне маңызды қадам жасалғаны айтылған. Құжатта Вашингтон мен Мәскеу қарым-қатынасты реттеуге мүдделі екені де жазылған.

Сәуірде Байден Путинмен телефонмен сөйлескенде кездесуді ұсынған.

Наурызда Байден журналистің “Путинді киллер деп санайсыз ба?” деген сауалына “иә, солай ойлаймын” деп жауап берген еді. Осыдан соң Мәскеу Вашингтондағы елшісін кеңесу үшін кері шақырып алған. Ал Мәскеудің қысымынан кейін АҚШ елшісі де Ресейден кеткен.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз