Елшілік Украинадағы қазақтарды Польшаға эвакуациялайды

0
247
Украинадағы Қазақстан елшілігі.

Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі Дархан Қалетаевтың айтуынша, Украинадан эвакуациялауға 486 Қазақстан азаматы өтініш берген. Бұл жөнінде елші сөзіне сүйенген Informburo сайты жазды.

“Жасыл дәліз жасалды. Қазір ең бастысы жұрт Львовқа жетуі тиіс. Львовқа баратын көлік табу қиын: көлік жоқ, тіпті ақшаға да таба алмайсың. Бүгінгі күнге дейін эвакуациялауға 486 адам өтініш берді” деді ол.

Қалетаевтың сөзіне қарағанда, егер барлығы Львовқа уақытында жетсе, алғашқы борт 25 ақпанда ұшуы тиіс.

“Жүз адамнан құралған алғашқы колонна шамамен бір сағаттан соң шығады. 1500-ден астам адам консулдық тіркеуде тұр, ал қазір тіркеуде тұрмаған көп адам шығып жатыр” деді ол.

Дархан Қалетаев елшіліктің азаматтарды Львовқа жеткізуге күш салып жатқанын да айтқан. Оның айтуынша, Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостермен рейс ұйымдастыру бойынша келісім бар.

Ақпаратқа қарағанда, алғашқы рейс 26 ақпанға қараған түні Польшаның Катовице қаласынан Атырауға ұшады.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанның консулдығында уақытша тіркеуде 517 адам, тұрақты тіркеуде 1113 адам тұр. Олар негізінен Киев қаласы, Киев, Одесса, Харьков, Львов облыстарында тұрады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз