Еуропа елдері карантинді жеңілдете бастады

0
324

Келесі аптадан бастап Ұлыбритания кезең-кезеңімен коронавирусқа байланысты шектеу шараларын жеңілдете бастайды. 12 сәуірде дүкендер, жаттығу залдары, хайуанаттар бағы, шаштараз, барлар және ашық алаңдағы демалыс орындары жұмысын жалғастырады. Бұл туралы Euronews хабарлады.

Ұлыбританияда 31 миллионнан аса адам ковидке қарсы вакцина салдырғаннан кейін қарттар үйіне туыстарының келіп кетуіне рұқсат берілді. Бірақ екі адамнан көп келуге болмайды.

Ел премьер-министрі Борис Джонсон азаматтарды әлі де сақ болуға шақырды.

“Жайбарақат жүре алмаймыз. Өзге елдердегі қиын ахуалға қарап соңы неге әкеліп соғып жатқанын көріп отырмыз. Вакцина салдырғандардың пандемияның келесі толқынына қалай төтеп беретінін әлі білмейміз. Індет тез арада жойылып кететініне сену қиын. Сол үшін өтінерім екпе жасатыңыздар, кезек келгенде екінші дозасын да қабылдаңыз. Ешқандай симптом байқалмаса да тегін тест тапсыру құқығын пайдалансаңыздар болады”, – деді Джонсон.

Грецияның кей аудандарында карантиннен кейін шағын және орта кәсіпорындар мен дүкендер ашыла бастады. Олар екі ай бойы жабық тұрды. Қайта ашылса да шектеу шаралары сақталуы тиіс. Дүкенде арақашықтық белгіленген. Үлкен сауда орталықтары әзірге жабық қалады. Дегенмен азаматтар қалыпты өмірге қайта оралуды сезініп жатқанын айтады.

Португалияда орта мектеп оқушылары офлайн режимге оралып жатыр. Екі ай қатаң шектеу шараларынан кейін музейлер, кафелер мен терассалар ашыла бастады. Алайда мейрамханаларда төрт адам ғана бірге отыра алады.

Дүйсенбіден бастап жекелеген спорт түрлерімен шұғылдануға рұқсат берілді. Оның қатарында жағажайда серфинг жасау да бар. Алайда билік әр екі апта сайын бұйрықтарды қайта қарайтынын ескертті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз