Грекиядағы өрт салдарынан 70 адам көз жұмды

0
81
Афина, Грекия/ Reuters

Грекияда дүйсенбіде бірнеше ірі өрт шықты, салдарынан 70 адам қаза тапты. Өрт салдарынан  Аттикада төтенше жағдай жарияланды.

Грекия/ Reuters

РИА Новости таратқан ақпарға сәйкес, Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас қаза табу жағдайына байланысты елде үш күндік аза тұту күнін жариялады, Грекия прокуратурасы өрт шығу салдарын зерттеп жатыр, өрт сөндірушілер Шығыс Аттиканы қаулап жатқан өртті сөндіруге кірісті.

Грекия/Thanassis Stavrakis/AP

Грекияда жаз мезгілінде орман өрті жиі орын алады. 2017 жылы өрт салдарынан елдегі бірқатар аймақтарда төтенше жағдай жарияланған еді.

Соңғы күндері Грекияда 40 градусқа дейін ыстық, дүйсенбіде қатты жел соғып, орман өрті одан әрмен қаулады.

Грекия/Thanassis Stavrakis/AP

Грекия өрт сөндіру қызметінің соңғы ақпарына сәйкес, сейсенбі күні таңертең Шығыс Аттикада өрттен 49 адам қаза тапқан, 156  адам жарақат алған, 16 бала емханаға жеткізілген. Кейіннен Sputnik Грекия өрт құрбандары санының артқанын хабарлап, 74 адамның көз жұмғанын, 164 адамның зардап шеккендігін алға тартты.

Өрт Афинаның үш аумағында тұтанды/ Reuters

Қаза тапқандардың ішінде Польшадан келген екі турист (анасы мен баласы) бар.

Рафина-Пикерми ауданының мэрі Эвангелос Бурнус мыңдаған үй мен үш жүзге жуық көліктің жанып кеткендігін хабарлады.

Еуропадағы бірнеше мемлекет  табиғи апатты ауыздықтау үшін көмек көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Бұған дейін Грекия билігі өзге мемлекеттерден жәрдем сұраған еді. Кипр Грекияға 45 өрт сөндіруші, Төтенше жағдайлар министрлігінің 4 қызметкері мен екі өрт сөндіру көлігін жіберді. Италия өрт сөндіру үшін екі ұшақ жіберсе, Испания да екі ұшақ жіберді. Польша болса, елге екі өрт сөндіру командасын жіберуге ниетті. Табиғи апатты ауыздықтауда Ресей, Түркия, Украина жәрдем беруге дайын екендерін мәлімдеді.

Cафина Саид

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз