НАТО саммиті қалай өтті?

0
288
НАТО саммиті өтіп жатқан бөлме.

24 наурызда НАТО-ға мүше елдердің басшылары Брюссельдегі саммит кезінде Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің қауіпсіздігін нығайтуға келісті. Атап айтқанда, Солтүстікатлантикалық одаққа мүше Румыния, Болгария, Венгрия, Словакияға НАТО-ның қосымша әскери топтары жіберіледі. НАТО жетекшілері қақтығысты ушықтырмас үшін Украинаға әскер жібермейтінін қайталады. Осы мақсатта Украина әуесін “жабу” туралы шешімінен бас тартпайтынын да жеткізді.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг саммиттен кейін баспасөз мәслихатында Солтүстікатлантикалық одақ Украинаға қару-жарақ және жабдықтарын жеткізіп, Киевті қолдай береді деді. Ол сонымен бірге Ресейге “химиялық қару қолданудың” зардабын ескертті.

Бұған дейін Польша Украинаға бітімгер әскер жіберуді ұсынған, алайда саммитте бұл ұсыныс көп талқыланған жоқ.

“Украинаға президент Владимир Зеленский сұраған қару-жарақ беріле ме?” деген сұраққа Столтенберг “жай-жапсарын толық айта алмайтынын” жеткізді.

НАТО басшылары мәлімдемеде Ресейдің басқыншылығын айыптап, Мәскеуді Украина аумағынан әскерін алып кетуге шақырған.

“Украиналықтар Ресейдің қатігез басқыншылығына ерлікпен төтеп беріп, әлемді таңғалдырды” деп жазылған мәлімдемеде. Онда сонымен бірге Украинада жасалуы ықтимал әскери қылмыс туралы да айтылған.

“Президент Путиннің Украинаға шабуыл жасау туралы шешімі – салдары ауыр стратегиялық қателік. Ресей халқы да зардабын тартады” деді НАТО басшылары.

Украинадағы қарулы қақтығысқа байланысты осыған дейін Столтенбергтің НАТО бас хатшысы ретінде өкілеті бір жылға ұзарып, 2023 жылдың күзіне дейін осы қызметте қалатыны белгілі болған.

Брюссельде өткен НАТО саммитіне видеобайланыс арқылы қатысқан Украина президенті Владимир Зеленский Ресей Украинамен тоқтап қалмайтынын әрі қарай, НАТО-ның шығыстағы мүшелеріне, Балтық елдері мен Польшаға баруды ойлайтынын жеткізді.

“Біз – альянста емеспіз, біз – әлемдегі ең мықты қорғаныс ұйымында емеспіз, біз – бесінші бап (НАТО-ға мүше елдің біріне шабуыл жасалса, басқалары шабуылға ұшыраған елді қорғайтын жарғыны айтады – Ред.) қорғайтын 30 елдің қатарында емеспіз. Бұл – шындық. Біз Батыс пен Ресейдің ортасында бір сұр аймақта қалғандаймыз. Бірақ біз сіздермен ортақ құндылықты қорғап жатырмыз”, – деді Украина президенті.

Зеленский сөзінде Украинаның НАТО-ға мүше болғысы келетіні жайлы ештеңе айтпады.

НАТО саммитінде қабылданған шешімдер:

  • Альянс Ресейден тез арада Украинадағы соғысты тоқтатуды талап етті.
  • НАТО Болгария, Румыния, Венгрия және Словакияда халықаралық төрт әскери топ құратынын жариялады. Қазірдің өзінде альянстың Еуропада 40 мың әскериі бар.
  • НАТО қорғанысқа бюджетті көбейтпек.
  • Альянс Украинаға биологиялық, химиялық, ядролық қауіптен қорғанатын құралдар бермек.
  • НАТО Қытайды Ресейге әскери және санкцияларды жеңілдететін көмек бермеуге шақырды.
  • НАТО альянстың бас хатшысы Йенс Столтенбергтің өкілетін 2023 жылдың 30 қыркүйегіне дейін ұзартты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз