Навальный өзін “улаған” агентпен әңгімесін жариялады. ФСБ мұны жоққа шығарды

0
136

Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) агенті Алексей Навальныйды  қалай улағанын абайсызда айтып қойды. 49 минуттық телефон әңгімесінің жазбасын Навальный Youtube арнасында жариялады.

Саясаткер ФСБ агенті Константин Кудрявцевпен өзі сөйлескенін айтады.

Кремль сыншысы Навальныйдың сөзінше, ол өзіне жасалған қастандықты тергеу барысында улауға қатысы бар деген ФСБ қызметкерлеріне қоңырау шалған. Ол үшін қоңырау шалушының нөмірін өзгертіп көрсететін қосымшаны пайдаланған. Сол себепті Кудрявцев жұмыстан хабарласып жатыр деп ойлаған. Қоңыраудың аудиожазбасына қарағанда, Навальный өзін Қауіпсіздік комитеті хатшысы Николай Патрушевтің көмекшісі Максим Устинов деп таныстырады да, басшылыққа арналған баяндамаға қажет ақпаратты сұрайды.

ФСБ қызметкері Константин Кудрявцев деп аталған адам ұшақ Омскіге жедел қонбағанда және дәрігерлер атропинді салмағанда Навальный өліп қалар еді дейді.

“Сәл ұзақ [ұшқанда] барлығы басқаша аяқталар ма еді. Көріп тұрсыз ғой, жағдай солай өрбіді… Бұл – біздің жұмысымызда кездесетін теріс фактор” дейді Навальный сөйлескен адам. Ол сондай-ақ улы заттың саясаткердің ішкиіміне жағылғанын айтты.

Навальный Кудрявцевтің өзін аңду операциясына қатысқанын, ес-түссіз күйде Берлинге ұшып кеткенінде оның Омскіге барғанын қоңырау шалардан бұрын білген.

Өткен аптада Bellingcat зерттеу тобы мен бірқатар тәуелсіз басылымның ортақ зерттеуі жарияланып, онда Кудрявцевтің химиялық қорғану жөніндегі маман екені, оның саясаткерге жағылған удың іздерін жою үшін Омскіге арнайы барғаны айтылады.

Телефон әңгімесінде Кудрявцев удың ізі болуы мүмкін Навальныйдың киімін ФСБ-ның Терроризммен күрес жөніндегі жергілікті басқармасының жетекшісі “Михаил” бергенін айтады. Навальный оған да қоңырау шалды. Саясаткердің айтуынша, басқарма жетекшісінің толық аты – Михаил Евдокимов. Ол ашық линия бойынша сөйлесуден бас тартты, бірақ киімді Кудрявцевке бергенін және жергілікті көлік полициясы қызметкерлерімен бірге жұмыс істегенін растады.

Кудрявцев сондай-ақ улауға қатысы болуы мүмкін өзге де адамдарды атайды. Олардың қатарында Bellingcat зерттеуінде аты-жөні болмаған Василий Калашников бар. Журналистік зерттеуге қатысушылардың бірі – The Insider басылымының мәліметінше, Калашников газ хромотографиясына маманданған. Бұл – биологиялық үлгіден жүйкені сал етіп тастайтын у секілді химиялық заттардың ізін табу әдісі.

Осының алдында ресми Мәскеу Навальныйдың қасақан уланғанын терістеген, ал ел президенті Владимир Путин Навальныйды “улағымыз келсе, аяғына дейін жеткізер едік” деді.

14 желтоқсан күні Bellingcat зерттеу тобы, The Insider, CNN, Der Spiegel басылымдары және Навальныйдың жемқорлықпен күрес қоры бірлесе жүргізген зерттеу жарияланды. Онда Ресейдің “Новичок” секілді әскери улағыш заттарды өндіруді жалғастырып отырғаны айтылады. Зерттеуге сәйкес, мұнымен Мәскеудегі “Сигнал” ғылыми орталығы айналысады.

Тамыз айында Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатқан Навальныйдың хәлі күрт нашарлап, есінен танып қалған. Пилот ұшақты жол бойындағы Омскіге жедел қондырып, әуежайға шақыртылған жедел жәрдем қызметі Навальныйға атропин дәрісін беріп, оны жергілікті ауруханаға жатқызған. Екі күннен кейін ес-түссіз жатқан Навальныйды арнайы медициналық ұшақпен Берлинге алып кеткен. Берлинде алынған биологиялық үлгілер Навальныйдың “Новичок” уымен уланғанын көрсетті. Бұл нәтижені басқа тәуелсіз зерттеулер де растаған.

ФСБ: НАВАЛЬНЫЙДЫҢ КУДРЯВЦЕВПЕН ӘҢГІМЕСІ – “ЖАСАНДЫ”

Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Алексей Навальныйдың улануы туралы зерттеуді “шетел арнайы қызметінің көмегімен әзірленген арандату әрекеті” деп атап, Навальныйдың өзін улау операциясына қатысы бар делінген ФСБ өкілі Константин Кудрявцевпен телефон әңгімесін “жасанды” деп жоққа шығарды. ФСБ-ның қоғаммен байланыс бөлімінің мәлімдемесін 22 желтоқсанға қараған түні ақпарат агенттіктері таратты.

Мәлімдемеде арандату әрекеті Ресей федералдық барлау қызметінің беделіне нұқсан келтіру үшін жасалып отыр, оны “шетел арнайы қызметінің техникалық көмегінсіз жүзеге асыру мүмкін емес” деп жазылған.

ФСБ қоңырау шалушының нөмірін өзгертіп көрсететін қосымшаны пайдалану да “шетел арнайы қызметінің жиі қолданатын әдісі” дейді. Мұндай әдіс “осыған дейін де Ресейге қарсы акцияларда пайдаланылған”. Мәлімдеме авторы “тексеру жүргізілгенін” де атап өткен.

ФСБ телефон әңгімені жасанды десе де, оған дәлел келтірмеген. ФСБ өкілдерінің Навальныйды улау ісіне қатысы барын жоққа шығаратын фактілер де келтірмеген. (RFL/RL)

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз