Путин мен Ердоған Сочиде астықты экспорттау мәселесінде келісімге келе алмады

0
18
фото: tccb.gov.tr

4 қыркүйекте Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған іс-сапары барысында Ресей президенті Владимир Путинмен Сочи (Ресей) қаласында кездесті.

Қос президент баспасөз конференциялары кезінде екі ел арасындағы сыртқы тауар айналымының 69 миллиард долларға жеткенін, және мақсаты 100 миллиард долларға жеткізу екендігін жариялады. Бұдан бөлек, президенттер туризм, атом станциясы, ауыл шаруашылығы, энергетика және астық келісімін сөз етті.

Баспасөз мәслихатынан кейін мемлекет басшылары журналистер сұрағына жауап берді. Әрине, олардың арасында маңыздыларының бірі, қазіргі таңдағы Ресей-Украина соғысы кезінде мұқтаж елдерге астық жіберу мәселесі:

«Біз астық дәлізін жандандырғымыз келеді, алайда мұны бір шартпен жасаймыз. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің теңізге кедергісіз шығуын қалаймыз. Егер ресейлік ауылшаруашылық өнімдерінің экспортынан барлық санкциялар алынып тасталса, біз мұны жалғастыруға дайынбыз», – дейді Путин.

Путин, Ресейдің әлемдік азық-түлік нарығындағы бағаны тұрақтандыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасау жобалары бар екенін айта келе, Ресейден 1 миллион тонна астықты Түркия арқылы жеңілдетілген бағамен ұнға айналдырып, Катардың қаржыландыруы арқылы мұқтаж елдерге жіберуге болатынын айтты. Осылайша бұл мәселе шешімін таппады. Теңіз арқылы «астық дәлізін» жасау шарасы белгісіз уақытқа дейін шегерілді.

17 шілдеде Ресей Украиналық азық-түлікті Қара теңіз порттарынан қауіпсіз экспорттауға мүмкіндік беретін келісімнен ресми түрде шығып, кеме қауіпсіздігінің кепілдіктерін алып тастаған еді. Осыдан кейін Ресей әскери күштері украин порттары мен элеваторларын бомбалай бастады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз