Ресейдің бұрынғы президенті Қытай басшысымен Украина мәселесін талқылады

0
130
Қытай басшысы Си Цзиньпин және Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев. 2022 жыл, 21 желтоқсан, Бейжің, Қытай. Photo: Sputnik/Yekaterina Shtukina/Pool via REUTERS

21 желтоқсан күні Ресейдің бұрынғы президенті, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Пекинде Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесті. Бұл жөнінде ресейлік саясаткер Телеграм-арнасында хабарлады.

Дмитрий Медведев Си Цзиньпинді Қытай компартиясының бас хатшысы қызметіне қайта сайлануымен құттықтаған. Ол сонымен бірге келіссөз кезінде “Единая Россия” және Қытай компартиясы арасындағы өзара қарым-қатынас, Мәскеу мен Пекин арасында түрлі саладағы әріптестік, халықаралық мәселелерді талқылаған. Медведевтің сөзінше, ол Си Цзиньпинмен Украина мәселесін де сөз еткен. Ресейлік саясаткер келіссөздің “пайдалы” өткенін атап өткен.

Осы жылдың қараша айында Си Цзиньпин Қытай коммунистік партиясының 20-съезінде партияның бас хатшысы болып қайта сайланған. Си Цзиньпин бұл қызметке үшінші мерзімге сайланып отыр. Дэн Сяопин кезеңінен бері Қытайда саясаткерлер партия жетекшісі қызметінде тек екі мерзім ғана бола алатын. 2018 жылы бұл шектеу Си Цзиньпиннің бастамасымен алынып тасталды.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері Медведев қатаң мәлімдемелер жасап, Батысқа қоқан-лоқы да көрсеткен. Ол мәлімдемелерінде Апокалипсис, Армагеддон ұғымдарын жиі пайдаланып, Ресейдің ядролық қару қолдануы мүмкін екенін бірнеше рет меңзеген.

Халықаралық қатынас сарапшылары Қытай Украинадағы соғысқа байланысты мәлімдемелер жасағанда аса сақтық танытатынын айтады. БҰҰ-да Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптайтын резолюция қабылданған кезде Пекин Ресейді қолдамаған, бірақ басқыншылықты ашық айыптаған да жоқ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз