Саудияда дамудың жаңа кезеңі: Алғашқы кинокөрсетілім өтті

0
68
дереккөзден

Соңғы 40 жылда алғаш рет Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта сәрсенбіде бұқаралық кинокөрсетілім өтті. Алғашқы кең экранда көрсетілетін кинокартинаны тамашалауға бірінші кезекте жергілікті мәдениет қайраткерлері, диломатиялық миссия басшылары, ірі кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері шақырылды.

Әлемдегі ең консервативті жүйе ұстанатын елде америкалық AMC Entertainment кинотеатрлар жүйесінің мерекелік шоу ұсынуы тарихи оқиға болды. РИА Новости таратқан ақпарға сәйкес, аталған мерекелік шоуды ұйымдастыруға Корольдік билігі өткен сәрсенбіде рұқсаттама берген. Абдолла Король атындағы қаржы орталығы орналасқан аумақта Дина Мартинның ырғаққа толы әуезді әндері ойнады. Қысқа концерттік бағдарламадан кейін қонақтар кинозалға шақырылды. Фильм көрсетілместен бұрын Корольдіктің мәдениет министрі Авад әл-Авад сөз алып, Корольдіктің мұрагер ханздасы Мұхаммед бен Салманның бастамасымен елдің жаңа даму кезеңі басталғанын, бүгін тарихи оқиға орын алғанын алға тартты. Министрдің айтуынша, енді көңіл-көтеру үшін шетел асудың қажеті жоқ.

Кинотеатрда қалың көрерменге ұсынылған алғашқы фильм «Black Panther » («Қара пантера») болды.

Корольдіктегі алғашқы бұқаралық кинокөрсетілімдер америкалық кино прокат өкілдерінің айтуынша осы жұма күні басталады. Бірнеше апта бойы кинокөрсетілімдер тек бір ғана кинотеатрда көрсетілетін болады. Бірнеше ай өткеннен кейін ғана Корольдік бойынша бірқатар кинозалдар ашылады.

Мұслыман дін өкілдері жаңа бастаманы мақұлдамады

Монархияның ақпарат және мәдениет бойынша министрлігі елдегі көңіл-көтеру шараларына жауапты, министрлік таратқан ақпарға сәйкес, кинокартиналар көременше жол тартпас бұрын, адами құндылықтар мен шариғат заңына қайшы келмейтіндігі нақты сүзгіленетін болады. Дегенмен, Сауд Арабиясының Бас мүфтиі шейх Абдель Әзиз бен Абдолла аш-Шейх бұған дейін ел аумағында кинотеатрлардың ашылуы мен өнер адамдарына кеш өткізуге рұқсаттама беру жайына пікір білдіріп, аталған өзгерістер тек «құндылықтарға соққы береді» деп бағалаған болатын. Елдегі бірқатар дін өкілдері кинотеатрлардың ашылуына қарсылық білдірді.

Сафина Саид

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз