Түркияда зілзала салдарынан жаппай инфекция тарау қаупі бар

0
51
фото: t24.com.tr

Түркияда құзырлы органдар мен құтқарушылардың назары зілзаладан аман қалғандарға көмектесуге ауысқан. Жер сілкінісінің ошағы болған Кахраманмарашта апаттан аман құтылғандар қаладағы стадион ішіне құрылған шатырларда тұрып жатыр. Дегенмен қазіргі таңда Түркиядағы алаңдаушылықтардың бірі халық арасында инфекция тарау қаупі болып тұр, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі BBC News агенттігіне сілтеме жасап.

Қаладағы инфрақұрылымның басым бөлігі қирап, ендігі билік пен дәрігерлердің басты міндеті – аурудың алдын алу. Себебі кейбір деректер бойынша үйінді астында әлі де мыңдаған адам жатыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымы 800 мыңнан астам адам күнделікті дұрыс тамақтану режимінен айырылғанын және жер сілкінісінен қаза тапқандардың соңғы саны екі есе артуы мүмкін деп ескертеді.

“Жер сілкінісінен бері жуынуға мүмкіндік болмады”, – дейді 21 жастағы студент Мохаммад Эмин.

Кахраманмараштағы стадионда барлық лагерь үшін тек 6 дәретхана жұмыс істеп тұрғаны айтылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Түркиядағы өкілі Батыр Бердіклычев зардап шеккен аймақтарда су тапшылығы аурудың өршу қаупін арттыратынын ескерткен.

Тағы бір зілзала салдарынан зардап шеккен қала Искендерунда көмек көрсетіп жүрген фармацевт Джин Озсайгили де аурудың өршуі туралы хабарлады.

“Қазіргі жағдайға байланысты тырысқақ пен іш сүзегі індеттері көбеюі мүмкін. Бұған жол бермеу үшін біз тез арада барлық қоқысты шығарып, қаланы тазалауымыз керек. Бірақ қазіргі таңда бәрін ойдағыдай жүзеге асыру оңай емес. Біз аурулардың алдын алуға бар күшімізді салып жатырмыз”, – дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 6 ақпан күні Түркия мен Сирияда жер сілкінісі болды. 7,8 балдық жер сілкінісі Газиантепте, ал 7,5 балдық жер сілкінісі Кахраманмарашта болған. Зілзала салдарынан Түркияда 35 мыңнан адам қайтыс болды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз