“Вагнер” vs Кремль: Ресейдегі қазіргі ахуал қандай?

0
56
photo: postimees.ru

Ресейде, “Вагнер” жекеменшік әскери компаниясы (ЖӘК) Ресей билігіне қарсы соғыс ашты. ЖӘК ресми баспасөз қызметі алдымен 24 маусымға қараған түні “бастап жатырмыз” деп, одан кейін “ресми түрде азаматтық соғыс басталғанын” жариялады, деп хабарлайды Kazaknews.kz Ақпараттық агенттігі.

23 маусымда “Вагнер” жекеменшік әскери компаниясының (ЖӘК) негізін қалаушы Евгений Пригожин жарты сағаттық видео үндеу жариялады. Ол, үндеуінде бірнеше мәселе туралы ашып айтып және бұл оның үндеуінің тек бірінші бөлімі екенін мәлімдеді. Оның айтуынша: 

  1. Ресей Қорғаныс министрлігі Украина мен НАТО елдерінің алдағы шабуылы туралы Ресей Федерациясының президенті мен халқына жалған ақпарат таратқан
  2. Украинадағы соғыс Ресей Федерациясын басқаратын олигархтар үшін және Виктор Медведчукты Украина президенті етіп тағайындау үшін қажет болған
  3.  Зеленский келісімге келуге дайын болған. Тек өз тағынан түсіп, Зеленскиймен сөйлесу керек еді 
  4. 60 “Леопард” танкін жойдық дегендері жалған. Біз бар жоғы 2 “Леопард” танкін және бірнеше “Брэдлиді” ғана жойдық.
  5. Қазір Ресей әскері Запорожье және Херсон бағытында шегініп, көптеген сарбазынан айырылып жатыр.

Осы үндеуінен кейін Пригожин, “Вагнер” әскерінің Мәскеуге дейін баратынын жариялады. Ол, өздерінің әрекетін “Вагнер” ЖӘК-нің әділет маршы деп атап, негізгі мақсаттары Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен РФ Қарулы күштері бас штабының бастығы Валерий Герасимовты жазалау екенін жазды.

“Вагнер” әскері Ростов облысынан бастап Воронежді өтіп, қазіргі таңда Ресей астанасы Мәскеу қаласына жетіп қалды. Сағат Астана уақытымен 21:07 де шыққан ақпарат бойынша олар Мәскеу облысының аумағына кірген. Олар, осы жолы барысында көбіне тосқауыл көрмей, көп жерде Ресей әскерінің өз саптарына қосылып жатқандарын хабарлады. 

Бүгін Ресей президенті Владимир Путин осыған байланысты видео үндеу жариялады. Ол, өз үндеуінде болып жатқан оқиғаны “қарулы көтеріліс” және “сатқындық” деп жариялады. 

“Пыпа” (Путин) дұрыс таңдау жасамады. Бұл өзіне жаман. Жақында бізде жаңа президент болады”, – деп жазды “Вагнер” баспасөз қызметі Путиннің видео үндеуіне.

Путиннің үндеуінен кейін Шешен Республикасының президенті Рамзан Қадыров әскерилерінің қақтығыс алаңдарына жолға шыққанын мәлімдеді. Сағат Астана уақытымен 20:27 де шыққан ақпарат бойынша Шешен Республикасының әскерилері Ростов қаласының маңайында кептелісте тұрған видеосы жарияланды.

Астана уақыты 17:40 – Путиннің ұшағы Мәскеуден белгісіз бағытта ұшып кеткені белгілі болды.

Астана уақыты 18:00 – Әуежайдан жеке бизнес-джеттердің ұшып кеткені белгілі болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз қызметі Ресей президенті Путинмен телефон арқылы сөйлескенін жариялады. Ақпаратта, Тоқаевтың Путинге болып жатқан оқиға, Ресейдің ішкі мәселесі екенін айтқаны жазылған.

Бұдан бөлек Ресей президентінің бүгін Өзбекстан, Түркия және Беларусь президенттерімен телефон арқылы сөйлескені жарияланды. 

Ақпарат бойынша Ресей және Беларусь президенті арасындағы телефон әңгімесінде Путин Лукашенкоға елдегі мәселе туралы айтқан. Айта кетейік, шетелдік БАҚ, бүгін Астана уақытымен 12:29-да Лукашенко және оның ұлдары пайдаланатын ұшақтың Түркиядағы Бодрумға қонғанын жариялады.

Ал, Түркия президенті телефон арқылы Путинге оны қолдайтынын жеткізген.

Оқиғалар желісі әлі де жалғасуда. Біздің әлеуметтік желілерге тіркеліп соңғы ақпараттардан құр қалмаңыздар. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз