Әзербайжан соғыста қаза тапқан сарбаздар туралы ақпарат жариялады

0
142

Таулы Қарабақтағы қақтығыс кезінде Әзербайжанның 2 783 сарбазы қаза тапқан. Бұл туралы елдің қорғаныс министрлігі хабарлады.

“103 әскери қызметкердің аты-жөнін ДНҚ-сы бойынша анықтау жұмысы жүріп жатыр. Жүзден астам әскери қызметші жоғалған. Іздеу және туыстарына хабарлау амалдары қарастырылып жатыр” делінген сайтта.

Ведомствоның ақпараты бойынша, соғыс кезінде жараланған 1 245 солдат ауруханаларда емделіп жатыр.

Армения денсаулық сақтау министрі Арсен Торосян 18 қарашада қақтығыс кезінде 2 425 армян сарбазы қаза болды деп мәлімдеген еді. Оның сөзіне қарағанда, шамамен 250 мәйіттің аты-жөні анықталмаған.

Мойындалмаған Таулы Қарабақ билігі 27 қарашада соғыс кезінде 1 711 адам опат болды деп хабарлаған. Желтоқсан айында тағы 34 адамның аты-жөні жарияланды.

Ресей президенті Владимир Путин 13 қарашада биылғы қақтығыс кезінде екі жақтан да адам шығыны болды, барлығын қосқанда 4 мыңнан астам адам қаза тауып, 8 мыңнан астам адам жараланды деген еді. Зардап шеккендер арасында бейбіт тұрғындар да бар.

Әзербайжанның Таулы Қарабақ және оған жапсарлас аймақтары 1990 жылдардың басынан бері этникалық армяндардың бақылауында болған. Қыркүйекте Әзербайжан бұл аймақты қайтару үшін әскери операция бастады. Бір жарым ай ішінде Әзербайжан Таулы Қарабақтағы бірнеше ауданды бақылауына алып, Шуша қаласын қайтарған. Шуша қаласы бағындырылғаннан кейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев, Ресей басшысы Владимир Путин аймақта қақтығысты тоқтату туралы бейбіт келісімге қол қойған. Келісім бойынша, Таулы Қарабақтағы бірнеше аудан Әзербайжан жағына қайтарылды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз