20 мыңға жуық студентке қауіп төніп тұр ма?

0
53

Тағы да өрт… Бүгін Алматыдағы өрттен әзірге дейін 13 адам қаза тапты. Өйткені әлі 4 адам қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасында жатыр. Ал жалпы өрт кезінде жатақханада 72 адам болған, оның 59-ы сыртқа өз бетімен шығып үлгеріпті. Абай облысындағы, оқ-дәрі қоймаларындағы және қаншама отбасында орын алған төтенше жағдайларды ескерсек, «От, от!» дегенімізбен ауыз күймейтінін байқадық. Ең болмаса ел бойынша хостелдерде жатқан 20 мыңға жуық студенттің тағдырына бейжай қарамайық. 

Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің берген мәліметі бойынша қазіргі таңда елімізде 20 мыңға жуық студент хостелдерде тұрып жатыр. Оқу жылының басындағы деректерге сәйкес республика бойынша ЖОО-лар 60-қа жуық ғимарат басшыларымен келісімшарт жасасқан. Келісім бойынша бір студент үшін айына 30-50 мың теңгеге дейін тұру ақысы белгіленіп еді. 

Ерекше атап өтер жәйт, Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан ата-аналарға “хостел” деген сөзден қорықпауға кеңес берген еді. Бірақ бүгін хостелде орын алған жағдайды ескерсек, ата-аналардың күмәні өте орынды екенін байқауға болады. Сонымен қатар, министрлік хостелдермен келісім­шартта санитарлық талаптар, өрт қауіпсіздігі талаптары қарастырылғанын айтқан еді. Бұл да жіті бақылауға алыну керек фактор болып отыр. 

Ел бойынша жатақханаға мұқтаждар саны былтыр 84 мыңды құраса, биыл 70 мыңға жуықтағаны айтылған еді. Жыл сайын бұл көрсеткіш өсе береді. Және Алматыдағы өрттен соң жатақханаға деген сұраныс артатыны анық. Өйткені, қауіпсіздік жағынан бөлек, қаржы жағынан айтарлықтай айырмашылық бар. Мәселен, студенттер үйінің ай сайынғы құны 3 мыңнан 20 мыңға дейін болса, ал келісімшартқа отырған хостелдердің ай сайынғы ақысы 30 мың мен 60 мың теңгеге дейін барады. 

Иә, үкімет жатақхана салу бойынша қарқынды жұмыс жасап келе жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Бірнеше оқу орындарының жатақханасы әне­міне берілуге де жақын екені айтылды. Дегенмен, хостелдегі студенттердің жағдайы алаңдарлық мәселе. Тікелей жеке кәсіпкердің қарамағындағы ғимарат не о жақтың, не министрліктің назарынан шығып, екі ортада студенттер жапа шекпесіне кім кепіл?  

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз