Алматыдағы өртке байланысты тың деректер айтылды

0
32

30 қараша таңғы уақытта Алматы қаласындағы хостелдердің бірі өртке оранды. Салдарынан 13 адам қайтыс болып, 59 адам эвакуацияланған.

Қайтыс болғандардың 9-ы қазақстандық, екеуі өзбекстандық, қалған екеуі ресейліктер болған. Ал, хостелден эвакуацияланған адамдардың басым бөлігі шетел азаматтары болды. Олар — студенттер мен жалдамалы жұмысшылар.

 «Хостел әкімшілігінің сөзінше, өз бетімен сыртқа шыққан адамдардың дені Өзбекстан, Қырғызстан, Пәкістан елдерінің азаматтары. Араларында қазақстандықтар да бар», – дейді Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев.

Сонымен қатар департамент басшысы өртке оранған хостелдің ашылғанына бір жарым ай болғанын мәлім етті.

«Үш қабатты ғимараттың жертөлесінен хостел ашқан. Бұл, негізі, заңға қайшы. Себебі жертөле адам тұруға арналмаған. Қанша жерден жабдықталса да», – деді Нұрлан Атығаев.

Хостелдегі өрттің шығу себептерін тексеру үшін министр генерал-майор Сырым Шәріпхановтың басшылығымен ТЖМ-ның жедел тобы оқиға орнына аттанған. Алдын ала мәліметтер бойынша өрт ошағы жертөленің дәлізінде болған. Хостелдің ауданы – 457 шаршы метр.

Алматы қаласы ТЖД, өрттің осы фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 292-бабына сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Бұдан бөлек, премьер-министр өкімімен өрттің себебін тексеру және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.

Алматы әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, Әди Шәріпов көшесіндегі «Almaty Hostel» Halyk Bank меншігіндегі ғимаратта орналасқан.

«Хостел бір жарым ай бұрын ашылған, ғимарат Halyk Bank-ке тиесілі. Банк оны кепілмүлік ретінде жалға берген. Қызыл жалын 30 шаршы метрді шарпыған. Бұл хостел Алматы қаласының жоғары оқу орындарымен студенттерді орналастыру үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған жоқ», – деп хабарлады әкімдіктен.

Оқиға орнында Алматы әкімі Ерболат Досаев, Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жүр.

«Almaty Hostel» деп аталатын жатақхана терезелері жоқ жертөледе жасақталған. 2Gis электронды анықтамалық сервисіне орналастырылған мәліметке сүйенсек, хостелде тұру бір орынға 2000 теңгеден басталады, орындар саны — 100-ге дейін.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз