Әнші Димаш Құдайберген туралы мәлімет Қазақстан оқулықтарының бағдарламасына енді. Бұл туралы “Еуразия” арнасы хабарлады.
Әншіге қатысты тапсырмалар 10-сыныптың қазақ тілі пәні оқулығының беттерінде пайда болған. Нақтырақ айтсақ, кітаптың 25 бетіндегі алтыншы тапсырма. Бұл оқулықтардың мектепке келгеніне бір ай болмаған.
Мұғалімдердің айтуынша, бұл ақпарат оларды қуантқан.
“Өте қатты қуандық, себебі заманауи адам ретінде мысал таба алмайтынбыз. Димаш – біздің оқушыларымыз, өсіп келе жатқан ұрпақ үлгі тұтатын адам”, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының №30 мектеп-гимназиясының қазақ тілі пәнінің мұғалімі.
Мектеп оқушылары да өздерін Димаш сияқты кітап бетінен көргілері келетінін айтты.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Димаш Құдайберген туралы мәлімет Қытай оқулықтарына енген болатын.