Қазақстанда халықаралық қатынастар бойынша жаңа оқулық жарық көрді

1
656
Кітап авторлары

9 желтоқсан күні Алматыдағы Alatau Creative Hub орталығында Сулейман Демирел университеті Халықаралық қатынастар бағдарламасының  оқытушылары дайындаған “Post-Soviet Dynamics in the Central Asian Region” атты оқу құралының таныстырылымы өтті. 

Оқулықта адам құқығы, ұлттық бірегейлік, сыртқы саясат, регионализм, көші-қон және Орталық Азиядағы гендерлік мәселелер және олардың жалпы аймақтағы динамикасы төңірегіндегі мәліметтер қамтылған.

Кітап СДУ, Құқық және Әлеуметтік ғылымдар факультеті, Әлеуметтік ғылымдар кафедрасының оқытушылары Ғалым Жүсіпбек, Шатлық Аманов, Айзада Нуридденова, Дурдона Юсупова, Гаухар Балтабаева, Ксения Кряквина,  Асел Абишева және  Мариям Ыдырыстың зерттеулері негізінде жазылған.

Оқу құралы халықаралық қатынастар, халықаралық құқық, журналистика, тарих және мемлекеттік басқару мамандықтарының студенттері және магистранттары үшін қосымша ақпарат көзі ретінде ұсынылады.

СДУ ғылыми істер жөніндегі проректоры Санат Қожахмет және Әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Мадияр Саудбаев.

СДУ Құқық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Мадияр Саудбаев пен СДУ ғылыми істер жөніндегі проректоры Санат Қожахмет қонақтарды осындай маңызды оқиғаның өткізілуімен құттықтады. Кітаптың жарық көруіне атсалысқан авторларға жылы лебізін білдіре отырып, оқулық мазмұны мен деңгейін жоғары бағалады.

 Айзада Нуридденова.

“Кітаптың мақсаты – посткеңестіктегі елдердің түрлі өзгерістерден туындайтын қиындықтарға жауаптарының кейбір аспектілерін нақтылау. Бұл кітап тоғыз тарау, үш бөлімнен тұрады және олардың әрқайсысында жекелеген проблемалық салалар егжей-тегжейлі қарастырылды. Ал менің тарауымда Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін посткеңестік елдердің аймақтық интеграцияны қалай құрғандығы туралы қамтылған. Сонымен қатар, еркін сауда аймағы, кеден одағы, бірыңғай нарық, экономикалық және саяси одақ сияқты аймақтық интергацияның бес кезеңі мен нысандарын сипаттап өттім”,- деді кітап авторларының бірі Айзада Нуридденова.

Кітаптағы екі тарудың авторы Ғалым Жүсіпбек Орталық Азия қоғамдарына тән патерналистік және патриархалды мәдениетті сақтау және полигамия сияқты кейбір аймақтық мәселелерге назар аудара отырып, өзара құрмет пен жанашырлық негізінде адамгершілік пен әділ әлем құрудағы адам құқықтарының маңыздылығын атап өткен.

Ғалым Жүсіпбек.

 “Мен кітаптың екі тарауына ат салыстым. Бірінші тарауда адам құқықтарының теорялық негіздердері мен олардың сипаттамалары және қысқаша тарихы баяндалды. Ал екінші тарауда балалар құқығы, әйелдер құқығы, мүмкіндігі шектеулі жандар құқығы, жыныстық және гендерлік азшылық құқықтары сияқты кіші бөлімдерге негізделген адам құқықтарының барлық аспектілерін талқыладым”, – деді ол. 

Үшінші тараудың авторы Шатлық Аманов кітаптың аса қатты сүйіспеншілікпен жазылғанын айтады.

Шатлық Аманов.

“Мен өз тарауымда Қазақстанның сыртқы саясатындағы адам құқықтарының компонентін зерттедім, сол арқылы елдің сыртқы саяси қызметін айқындаудағы идеялық факторды атап көрсеттім. Бұл ретте тарауда Қазақстанның көпжақты әрі екіжақты тәсілдердегі сыртқы саяси қызметі қарастырылды”,- деді Аманов.

Оқулық авторларының бірі Гауһар Балтабаева әріптестері мен таныстырылымға қатысқан қонақтарға алғыс айтты.

Гаухар Балтабаева.

“Бұл кітап Халықаралық қатынастар бағдарламасының оқытушы құрамының ортақ еңбегі. Кітап авторларының Орталық Азияға ерекше назар аудара отырып, жекелеген проблемалық салаларды бағалау нәтижесінде жарық көрді. Оқулықты жазу мен оны басып шығаруда біз сіздер үшін еңбек еттік, тер төктік. Еңбегіміз ақталып, кітап өмірлеріңізге оң септігін тигізсе біздің еңбек ақталғаны деп білемін”, – деді ғалым.

Кітап таныстырылымына университет оқытушылары мен студенттерден бөлек, Алматы Басқару Университеті жанындағы Азаматтық қоғамды дамыту орталығының директоры Аврора Диас Солоаго, Нархоз университетінің зерттеуші-профессоры Қайрат Молдашев, “New Vision Kazakhstan” ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.ғ.д. Жігер Жанабіл қатысты.

Кітап авторлары және таныстырылымға келген қонақтар.

Қазіргі уақытта оқулықтың 100 данасы басылып шыққан. Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы және СДУ-дың  25 жылдығына орай жарық көрген кітап тегін таратылады.

Мейрамгүл СӘРСЕНҒАЛИҚЫЗЫ

1 ПІКІР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз