Қазақстанның бұрынғы білім және ғылым министрі қайтыс болды

0
249
Шәмшә Беркімбаева.

Қазақстанның бұрынғы білім және ғылым министрі Шәмшә Беркімбаева 80 жасқа қараған шағында бақилық болды. Бұл жөнінде білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде жазды.

“Беркімбаева Шәмшә Көпбайқызының өмірден озғаны туралы суыт хабар жетіп, көңілді құлазытты”, – деп жазды Аймағамбетов.

Министр Аймаағамбетов Шәмшә Беркімбаеваның ауыл мектептерін дамытуға және дарынды балаларды қолдауға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлгенін атап өтті.

“Жұмыс кездесулері кезінде Шәмшә Көпбайқызы үнемі өз тәжірибесімен және кеңестерімен бөлісіп, білім саласындағы жаңалықтарды қадағалады. Отандық білім мен ғылым саласының көрнекті тұлғасының өмірден озуы – орны толмас өкініш. Шәмшә Көпбайқызының отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын”, – деді министр.
Шәмшә Беркімбаева 1942 жылы 10 қазанда Алматы облысында дүниеге келді. Еңбек жолын ауыл мұғалімі болып бастаған.

Әр жылдары мектеп директоры, Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы, білім министрінің орынбасары, Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің бірінші хатшысы, Алматы облысы білім басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.

1999-2002 жылдары парламент сенатының депутаты, 2002-2003 жылдары білім және ғылым министрі болды.

Ұзақ жылдар бойы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры болып істеді. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, академик Шәмшә Көпбайқызы еліміздегі білім мен ғылым саласының дамуына үлкен үлес қосты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз