Білім саласында қылмыстық схемалардың алдын-алу шаралары жүргізілуде

0
24

Polisia.kz, Бас прокуратураның басшылығымен елордадағы бүкіл мектепте бұрын-соңды болмаған кең ауқымды тексерістер жүріп жатқанын хабарлады. Бұл тексерістер балалардың күзгі каникулы кезінде бітпей, одан кейін де жалғаспақ, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

“Жалпы алғанда, қаладағы 98 мемлекеттік мектеп, 56 – жеке мектеп, 3 – Назарбаев Зияткерлік мектептері, 4 – республикалық, 3 – коррекциялық білім беру ұйымы және 5 – BINOM мектептері тексеріледі”,
– деді ІІМ әкімшілік полициясы комитетінің басшысы Қайсар Сұлтанбаев.

Осыдан-ақ мектептердегі тексерістердің сан-салалы бағытын байқауға болады. Мысалы, оның барысында балалардың қауіпсіздігі, қорғалуы, оларға қатысты жасалатын қылмыстар және басқасы да анықталады.

Мәселен, кей мектеп директорлары мен есепшілері бухгалтерлік есеп жүйелерінің қазынашылықпен және басқа деректер базаларымен өзара интеграцияланбағанын, әрқайсысы бөлек-бөлек жұмыс істейтінін пайдаланып, бюджет қаражатын молынан жымқырып келген.

Жаппай белең алған бұл қылмыстарды әкімдіктердің білім бөлімдерінің басшылары мен мемлекеттік аудиторлар бүркемелеп отырған.

Биылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде білім саласындағы схемалар түрлі шенеуніктерге кем дегенде 7,9 миллиард теңгені қалталарына басуына мүмкіндік беріпті. Оларға қатысты 102 қылмыстық іс тіркелген.

Тек 2021 жылдан бері педагогтердің жалақысы 2 есе өсті. Ғылыми дәрежелер және сабақтан тыс оқытулар үшін санатына қарай еңбекақысының 50%-ына дейінгі көлемде үстемеақы төленеді. Нәтижесінде, тіпті жас мұғалімнің жалақысы толық жүктелгенде айына 300 мың теңгеден асады. Тәжірибелілері, ғылыми дәрежесі барлары, түрлі қосымша сабақ, үйірме және басқасын жүргізетіндері – орта есеппен 800 мың теңгеден жоғары алатын көрінеді. Оқыту үшін лайықты жағдайлар жасалуда. Заманауи, толыққанды жабдықталған, жайлы мектептер салынуда.

Алайда қазақстандық білім сапасы жыл өткен сайын құлдырауда. Мұны елдің жаһандық рейтингтерінің төмендеуі паш етеді. Ата-аналар біраз педагог шәкірттерін оқытуға, терең білім беруге бей-жай қарап, үй жаттығуларын тапсырумен шектелетіндіктен, қосымша репетитор жалдауға шығындалуға тура келетініне жиі шағымданады.

Ата-аналар комитеті арқылы заңсыз ақша жинату, сыйлық сыйлату, “таңдаулы балаларды” лайықсыз болса да, жасанды түрде “Алтын белгі” деңгейіне тарту, педагогтердің жалған дипломдар мен сертификаттар алуы сияқты кесір-кесапаттары тыйылу орнына, өршіп, белең алып кетті. Мұның бәрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері тамыр жаятын “құнарлы топырақ” саналады.

Білім беру ұйымдарында азаматтардың мектеп бюджеті туралы ақпаратқа толық қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін бұлтты технологияларды енгізу басталды. Бұл бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуі, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуы мүмкін.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз