ҰБТ-ның тәртібі өзгерді

0
396
Ұлттық біріңғай тестілеуде отырған талапкерлер. Photo: edu.gov.kz

Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеу енді бұрынғыдай 10 күн емес, үш ай аралығында өтеді. Мектеп бітірушілер тестіні қай уақытта, қай жерде тапсыратынын өзі анықтайды. Бұл туралы білім және ғылым министрлігіне қарасты жоғары оқу орны және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің жетекшісі Әділет Тойбаев мәлімдеді.

“ҰБТ бұрынғыдай 10 күн ішінде емес, үш ай бойы және электронды форматта өтеді. Ең ұтымды жері тест тапсырушының өзі қай күні, қай уақытта және қай жерде өтетінін өзі таңдайды. Бұрынғыдай бір мүмкіндік емес, екі рет тапсыру мүмкіндігіне ие болады”, – деді Әділет Тойбаев брифингте.

Тойбаевтың айтуына қарағанда, ҰБТ биыл “бір тест тапсырушы – бір компьютер – бір камера” принципі бойынша өтеді. Оның нәтижесі тест аяқталысымен бірден белгілі болады. 30 минуттан соң тапсырушының тест нәтижесін апелляцияға беруге құқығы бар.

Министрлік өкілінің сөзінше, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында “тестілеу процесі шифрлау элементтері бар арнайы жабық VPN желісі арқылы жүзеге асырылады”. Әрбір түлекке келетін тест қайталанбайды, себебі ол мектеп оқушысы авторизация жасап, кірген кезде кездейсоқ түзіледі.

ҰБТ сәуір, мамыр және маусым аралығында өтеді. Бұрынғыша тест тапсырушы бес пәннен (үшеуі – міндетті, екеуін түлектің өзі таңдайды) емтихан тапсырады. Тестідегі 120 тапсырмаға 4 сағат уақыт беріледі. Ең жоғары балл – 140.

Биыл тест тапсыратын 120 мыңнан аса оқушы бар.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз