Мәжіліс мақұлдаған білім саласы туралы заң жобасында қандай мәселелер қарастырылып отыр 

0
76

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында Әлеуметтік мәдени даму комитетінің төрағасы, депутат Асхат Аймағамбетов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы жөнінде баяндама жасап, қарастырылып отырған нормаларға тоқталды. 

Асхат Қанатұлының айтуынша, бұл заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленді. Жобадағы негізгі нормалар төменде: 

1) Балалардың қауіпсіздігін және құқықтарын қорғауға қатысты нормалар. Заң жобасында отыз жылдан астам уақыт пайдаланып келе жатқан мектеп, балабақша мен колледждердің ғимараттарын әр бес жыл сайын апаттық қауіп бойынша тексеру қарастырылып отыр. 

2) Балалардың терезеден құлауы. Заң жобасында терезелерді арнайы қауіпсіздік механизмдерімен немесе құлыптармен қамтамасыз ету міндеттеледі.

3) Енді мектеп, балабақша мен аурухананы салмай тұрып көпқабатты үйлерді салуға тыйым салынады. 

4) Жетім балалар үшін жаңа тәлімгерлік норма институтын енгізу бойынша тиісті нормалар бар. Ол не үшін керек? Бұл институт он жастаy асқан балалар үйінде тәрбиеленетін жетім балаларды әлеуметтендіруге және өмір сүру жағдайларына бейімдеуге қосымша мүмкіндік береді. Тәлімгерлер волонтерлық тәртіпте, яғни, ақысыз балалар үйіндегі балақайларды қамқорлығына алып, оларға қолдау көрсетуге, әлеуметтендіру жұмысын жүргізуге мүмкіндік алады. 

5) Полицияда девиантты мінез құлық бойынша тіркеуде тұрған балаларды қолдау және оңалту бойынша арнайы нормалар қарастырылып отыр. Басты мәселе осы санаттағы балалардың бос уақытын қамту. Енді осы оқушылар проактивті форматта, яғни, ешқайда бармай, ешқандай өтінішті бермей түрлі үйірмелермен және секциялармен қамтылатын болады. 

6) Білім беру ұйымдарында діни және басқа да зиянды ақпаратқа жол бермеу туралы нақты міндет те бекітіледі. 

7) Білім беру ұйымдарының еркіндігін кеңейту. Бүгінгі таңда білім беру ұйымдары үшін типтік штаттары бекітілген. Яғни, сыныптардың санына байланысты мектепте осыншама орынбасар, осыншама есепші болу керек деген типтік штаттар бар. Бірақ мекеме басшысында осы штаттарды тиімді пайдалану үшін қажеттілігі жоқ лауазымды керегіне алмастыруға ешқандай дербес мүмкіндік берілмеген. Сондықтан заң жобасында бекітілген штат санының шеңберінде штат кестесінің лауазымдарының ауыстыру құқығы беріліп отыр. Ол қалай жұмыс істейді? Мысалы, типтік штатқа байланысты мектеп директорында жеті орынбасар болса, кей мектептер өз еркімен маған төрт орынбасар жеткілікті, басқаларының орнына психологты немесе профориентаторды алайын десе, ол кісіде мүмкіндік жоқ. Енді осындай мүмкіндікті беріліп отыр. Басқа да мемлекеттерде бұл тәжірибе кең таралған. 

8) Колледждер мен мектептерден түскен табыстарын білім мекемесінің өзі дәл сол ұйымды дамыту үшін жұмсау құқығын беру. Республикада бірқатар колледждер осындай ақылы қызметтерді көрсетеді. Одан табыс табады. Ал енді осы тапқан табысын колледж өзіне қалдырып, техникалық, материалдық базасын дамыту үшін жұмсау алады. 

9) Технологиялық даму арқылы онлайн оқу үрдісі кең тарап отыр. Бірақ зерттеулер педагогикалық, медициналық және фармацевтикалық мамандықтары бойынша онлайн білім алудың үлкен қаупі бар екенін көрсетіп отыр. Сондықтан заң жобасында колледждер мен университеттерде аталған мамандықтарды қашықтан оқуға тыйым салу туралы норма енгізіліп отыр. 

10) Мемлекеттік меншіктегі мектеп пен колледждерді жекеменшікке беруге тыйым салу туралы арнайы норма қаралып отыр. Бірнеше жыл бұрын президент тапсырмасымен осыған ұқсас норма мемлекеттік жоғары оқу орындарын жекеменшікке бермеу туралы норма парламентпен бекітілген болатын. 

11) Колледждер мен университеттер оқуды аяқтағаннан кейін студенттерге диплом мен әр пән бойынша бағаларды көрсететін ақпаратты, яғни, транскрипті береді. Бірақ ол бүгінгі таңда жұмыс беруші үшін жеткіліксіз ақпарат. Осыған орай, осыған қоса оқу барысында арнайы игерген нақты құзыреттілік пен дағдылары туралы ақпарат беретін қосымша құжатты беру мүмкіндігін қоса беріп отырмыз. 

12) Келесі норма жемқорлық рисктерін азайтуға, ашықтық пен бірізділікті қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасында балабақшаға баланы кезекке қоюды, одан әрі орын беруді және білім беру қызметкерлерін жұмысқа алуды біріңғай бағдарлама шеңберінде ұйымдастыру туралы ұсыныс енгізілді. 

13) Ата аналардан түсетін шағымның бірі оқушылардың бағалары мен үй тапсырмаларына тегін қол жеткізу болып отыр. Заң жобасына орай балалардың үй тапсырмалары мен бағалары туралы ақпаратты ата аналарға тегін беру туралы ұсыныс осы заң жобасында қарастырылып отыр. 

14) Оқушылардың сабақ үстінде пайдалануы және оны тыю бойынша заңнамада нақты шектеулердің болмауы. Нормаға сәйкес сабақтың үстінде бала тек қана сабақ оқу керек, ал телефон пайдалануға тыйым салу туралы норма бар. 

Мәжілісте ұсынылған жаңа заң жобасына өзгеріс енгізуге 92 депутат дауыс берді. Оның ішінде 90 жақтады, біреуі қарсы болса, біреуі қалыс қалды. Нәтижесінде, заң нормалары мәжілісте мақұлданып, сенатқа жіберілді. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз