Министр: жаңа оқу жылында оқушыларға мектеп формасын кимеуге рұқсат беріледі

0
132
Қазақстанның Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Қазақстанда жаңа оқу жылында оқушылардың сабаққа мектеп формасын кимей қатысуына рұқсат беріледі. Бұл туралы 11 шілдедегі брифингте білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Бұл шешім елде коронавирус індеті мен пневмония өршіп, әлеуметтік-экономикалық жағдай қиындаған тұста қабылданды.

“Ата-ананың мектеп формасын сатып алуға шамасы келмесе, олар балаларын классикалық немесе іскерлік үлгідегі қарапайым киіммен қамтамасыз етуі керек. Біз осындай шешім қабылдадық. Қазіргі жағдай үшін осы шешім маңызды деп санаймыз” деді министр мектеп формасын сатып алу көптеген ата-ана үшін қосымша салмақ екенін айтып.

Аймағамбетовтың мәлімдеуінше, министрдің мектеп формасы туралы бұйрығына төтенше жағдай, карантин және форс-мажор жағдайларында жұмыс істейтін арнайы тармақ енгізіледі.

Биыл көктемде Қазақстан оқушылары коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде қашықтан білім алған болатын. Министр оқушылар күзде қашықтан оқуды жалғастыра бере ме, әлде партаға отыра ма, оны нақты айтпады. Аймағамбетов эпидемиологиялық жағдайдың қалай өрбитініне байланысты оқуды ұйымдастырудың үш нұсқасы барын айтты.

  • Қашықтан білім беру;
  • Дәстүрлі (кабинеттерде термометрияның, санитайзерлердің болуы, әлеуметтік қашықтық ұсталуы, сабақтар қысқартылуы) және қашықтан білім алудың қосындысы;
  • Қатаң санитариялық шектеулері бар қалыпты тәртіп – балаларға мектепке барып білім алады, бірақ сыныптағы оқушы саны бойынша шектеулер енеді, кабинеттік жүйе тоқтайды, сабақ кестесі қатаң реттеледі;

Аймағамбетов әзірше қай нұсқаның таңдалатыны белгісіз екенін, бірақ “білім жүйесі бәріне дайын болуы керек” екенін айтты. Бірақ мектеп формасын киюдің міндетті болмауы қандай жағдай болмасын күшінде қалады деді ол.

“Мейлі дәстүрлі болсын, мейлі қашықтан болсын, бұл шешім күшінде қалады. Егер басын қашықтан бастап, жыл ортасында дәстүрлі білім беруге көшсек, мұғалім оқушыдан мектеп формасын киіп келуді талап етпейді. Бұл шешім бүкіл оқу жылында күшінде болады. Егер оқушыда мектеп формасы болса – аға-әпкесінен қалса немесе ата-анасы алдын ала сатып алған болса – әрине, соны киіп келуге де болады” деді министр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз