Министрлік тағы екі университетті лицензиясынан айырды

0
253
Білім және ғылым министрлігі ғимараты.

Шымкенттегі “Орда” және “Мирас” университеттері бас лицензиясынан айырылды. Білім және ғылым министрлігі бұл ЖОО-ын тексеру барысында заң бұзушылықтар анықтаған.

Министрлік мәліметінше, екі жоғары оқу орнының қызметі тоқтатылып, оларға анықталған бұзушылықтарды жоюға уақыт берілген. Алайда жоғары оқу орындары қателіктермен жұмыс жүргізбей, сегіз ай комитеттің лицензияны тоқтата тұру туралы шешіміне шағымданумен айналысқан.

Сот комитеттің шешімін өз күшінде қалдыру туралы шешім қабылдаған. Ал университеттің көптеген шағымы қанағаттандырылмаған.

Осылайша Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 1 шілдедегі шешімімен аталған екі жоғары оқу орны бас лицензиясынан айырылды.

“Ең басты мәселе кадрларды даярлау сапасында болды. Мысалы, “Орда” университетінде оқитындардың 97%-ы шекті балдан өте алмады және оқу процесінде алынған білім мен құзыреттердің жеткілікті деңгейін растай алмады. Екі ЖОО да кестеге сәйкес жаппай сабақ өткізбеу фактілері анықталды. Баға қойылмаған, бекітілген кестеге сәйкес емтихан өткізілмеген, пәндер толық көлемде оқытылмаған. Тиісті 5 кредиттің орнына тек 3 кредит игерілген. Барлық пән оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етілмеген. Оқытушылардың бекітілген педагогикалық жүктемесі мен оның нақты орындалуы арасында үлкен айырмашылықтар бар, яғни оқытушыда жүктемеде белгілі бір пән бойынша дәріс оқу жоспарлануы мүмкін, ал іс жүзінде ол оны оқымайды”, – деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің басшысы Эльвира Сапарбекова.

Бұған дейін Тәуелсіз білім беру сапасын қамтамасыз ету агенттігі де осы жоғары оқу орындарын аккредиттеуді тоқтатқан. Сондықтан бұл университеттер түлектерге диплом бере алмайды.

Диплом алу және оқуды аяқтау үшін студенттер басқа университеттерге ауыса алады. Бұл жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларында көзделген.

ҚР “Білім туралы” заңына сәйкес білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензиядан айырылған немесе білім беру ұйымы таратылған кезде құрылтайшы білім алушыларды басқа білім беру ұйымдарына ауыстыру үшін шаралар қабылдайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз