Оқу жылы басталғалы Алматы облысында 422 оқушы, 47 мұғалім коронавирус жұқтырған

0
135
Маман арнайы құрылғымен оқушының қызуын өлшеп тұр.

Алматы облысында 120 мектепте коронавирус анықталып, 2,5 мың оқушы карантинге жіберілді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов дүйсенбі күні брифингте айтты.

“Егер бір бала ауырса, онда тұтас сынып екі апталық карантинге жіберіледі деген алгоритм бекітілген. Екі аптадан соң олар қайта мектепке оралып, қалыпты жағдайда оқи береді” деді Алматы облысы әкімінің орынбасары.

Жаңа оқу жылы басталғалы бері облыста 422 оқушы, 47 мұғалім коронавирусқа шалдыққан.

Өткен аптада Алматы қаласында жаңа оқу жылы басталғалы бері 89 оқушының Covid-ке шалдыққаны хабарланған еді. 8 қыркүйек күнгі мәлімет бойынша, республика бойынша 426 оқушыдан вирус анықталған.

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда оқушылардың басым бөлігі офлайн оқуға оралған.

Бұған дейін билік қазан айында 12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдерге батыс компаниялары әзірлеген коронавирусқа қарсы Pfizer екпесі салына бастайтынын айтқан. Денсаулық сақтау министрлігі “вакцинаны ешкімге мәжбүрлемейміз, екпе ата-аналардың рұқсатымен егіледі” деп мәлімдеген.

Алматы облысында қазір күніне 300 төңірегінде науқас тіркеліп жүр. Індет басталы бері мұнда 47 мыңнан астам адам коронавируспен ауырған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз