Үкімет отырысынан кейінгі брифингіде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев педагогтерді аттестаттаудың жаңа ережесі қашан жарияланатынын айтты.
Министрдің айтуынша, жаңа аттестацияда педагог мамандығына қатысты ерекшеліктер ескеріледі.
“Аттестацияның басты мақсаты – мұғалімдердің жетістігін оқушылардың жетістігімен байланыстыру. Бұл – аттестацияның басты ерекшеліктерінің бірі. Жаңа аттестацияда бұрынғыға қарағанда оны тапсыратын барлық педагогтың мамандығына қатысты ерекшеліктер ескерілген”, – деді министр.
Оның айтуынша, педагогтерді аттестациядан өткізетін ұлттық платформаны әзірлеуге арнайы қаржы қарастырылмаған. Әйткенмен ол қазір әзірленіп жатыр.
“Өзіміздің ішкі мүмкіндіктеріміздің есебінен платформа жасалып, аяқталып қалды. Бір-екі күнде ашық НҚА порталына аттестацияның жаңа ережесі ілінеді. Содан кейін жылдағыдай көктемде аттестация басталады”, – деді Бейсембаев.